Биыл бұрынырақтан бері Таран болып әспеттелген ауданның атауы Бейімбет Майлин болып жаңғырды. Бұл жолда жарғақ құлағы жастыққа тимей барын салған қоғам белсенділерінің, сөз жоқ, еңбегі жанды. Ұзағынан сүйіндірсін! Енді, міне, тұтас Тобыл-Торғай топырағын тебіренткен, сол тебіреніс толқыны қазақ елін қамтыған қуанышты жаңалық – өңірімізде өтетін республикалық айтыс «Бейімбеттің биігі»!
Би-ағаның 125 жылдығына орайластырылған республикалық айтыс «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қыркүйектің 26-27 жұлдыздары аралығында өтеді. Бимұхамбеттің биігін жырлауға Қазақстанның әр түпкірінен 14 ақын жыр екпінін ағытады.
Айтыс аламанын ұдайы бақылауда ұстайтын қауымға жақсы таныс Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Жарқын Жұпархан (СҚО), Шұғайып Сезімхан (Алматы), Айбек Қалиев (Арқалық) сынды мықтылар және өз өнер-өресімен айналасына дабысын танытып үлгерген ақындардың шоғыры шама байқасады.
Нұрқанат НҮСІПХАН, Халық шығармашылығы орталығының ақпараттық редакторы.