Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Дәстүрлі думан жалғасын тапты

Қостанайда Еулбай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда ІІІ Халықаралық дирижерлер форумы өтіп жатыр. Бұл дәстүрлі мәдени шара биыл орыс халық аспаптары оркестрінің 35 жылдығына арналып отыр.

Биылғы форум Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен орыс халық аспаптар оркестрінің 35 жылдығына арналып отыр. Іс-шараның басты мақсаты – облыстық филармония жанынан құрылған үш оркестрдің кәсіби деңгейін көтеру, өнерпаздардың шеберлігін шыңдау дейді ұйымдастырушылар. Жан-жақтан жиналған жеті дирижер Қостанай сахнасында бір апта бойы жұмыс істеді.

Форумның екінші күнінде облыстық филармонияның камералы оркестрінің концерті өтті. Сахнада әлем композиторларының әйгілі композициялары орындалды. Атап айтқанда, Модест Мусоргский, Александр Бородин, Сергей Рахманинов, Александр Варламов, Николай Римский-Корсаков, Петр Чайковский, Исаак Дунаевский сынды музыка майталмандарының туындылары, белгілі опералардан үзінділер көрермендер назарына ұсынылды.

Музыканттар Абайдың 175 жылдығына арналған челленджге де қолдау білдірді. Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, бас-баритон Паевл Черных «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Айтулы музыканттар – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, бас дирижердің орынбасары Абзал Мұхитдинов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі жетекшісі Берік Батырхан, облыстық филармонияның камералы оркестірінің бас дирижері Тарас Мызин және дарынды дирижер Асхат Манақбаев осы концертте дирижерлік тізгінін ұстады. Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов барлық қатысушыларды дирижерлер форумының басталуымен құттықтап, Абзал Мұхитдиновке Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

«Бүгінде біздің арамызда жеті әйгілі дирижер бар. Сіздер бүгін осы ғаламат жетіліктің екеуін көрдіңіздер. Оларға алтын уақыттарын бөліп, Қостанайға арнайы келгендері үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, біз Жастар сарайының Қостанай облысы мәдениетіне қызмет етіп жатқаны үшін ерекше қуаныштымыз», — деді Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Болатұлы.