Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

515 шақырым тас жол жөнделеді

Қостанай облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 515 шақырым тас жол жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ұлттық жол активтері сапасының орталығы» облыстық филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевқа сілтеме жасап.

            Елімізде 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық және аудандық маңызы бар жолдар қалыпқа келеді. Бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтыламақ. Оның ішінде республикалық жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі, 1,5 мың шақырымы толық жөнделсе, 4 мың шақырым жергілікті маңыздағы жол ретке келеді. Ал Қостанай облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 515 шақырым тас жол жөндеуден өтеді.

«Жол саласына қатысты 350 жоба іске асырылып, 30,5 мың адам жұмыспен қамтылады. Бұл мақсатқа 680 млрд теңге қарастырылған. Мәселен, «Нұрлы жол» арқылы көптен бері тұралап қалған «Қарабұтақ-Қостанай» тас жолын жөндеу жобасы жанданады. Мердігер ұйымдар Рудный қаласынан Денисов ауылына дейін жол-құрылыс жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда. Жолдың жалпы ұзақтығы 114 шақырымды құрайды. Аталған учаскеде жұмыс қызу жүріп жатыр, жер төсемінің құрылымы, жол қабатының сапалы төселуін біздің мекеме бақылауда ұстайды. Асфальтбетонды қоспаның және керннің сынамалары алынды. Олар келесі сынақтар үшін филиалдың сынақ зертханасына тасымалданды» -дейді Абылайхан Алшынбаев.

Облыста былтыр ғана ашылған жол орталығы республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында үнемі тексеру жүргізіп отырады. Қазірдің өзінде 624 тексеру өткізіп, 593 ереже бұзушылықты анықтады. Зертханалық талдаудан соң жол құрылысында пайдаланылып жатқан 81 материалға тыйым салынды. Қазір осындай 28 сынама тексерістен өтуде.

Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама бойынша аймақта биыл барлығы 275 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенованың айтуынша, бүгінге дейін 263 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Оның 210-ына келісімшарт жасалыпты. Аймақта қазірдің өзінде  99 жоба жүзеге асырыла бастады.

            «Жұмыспен қамтудың жол картасы» ең алдымен жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтамасыз етуге, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге бағытталғанын ескерсек, маңызды мәселелердің бірі жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. Облыста жұмыс орындарын құру мониторингі «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады» — деді Гүлнар Әбенова.

Бүгінге дейін аймақта 1049 жаңа жұмыс орны ашылып, оған жұмыспен қамту орталықтары бойынша 576 адам жұмысқа орналастырылған. Жалпы бағдарлама аясында 13,5 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

«Іске асырылып жатқан жобалар аясында 7 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Қазір аймақта 4 мың жұмыссыз тіркеуде тұр. Дегенмен жұмысқа үміткерлерді іріктеу кезінде колледж түлектеріне басымдық беру қажет» — деді басқарма басшысы.

Биыл облыста техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 6,7 мың шәкірт бітіріп шығады.

Жиын барысында әлеуметтік қорғау саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы сөз болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында бұл салада жалпы сомасы 266 млн теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 75 жұмыс орны ашылып, 37 адам жұмысқа орналасады.