Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қасіретті жылдар құрбаны

(31 мамыр-саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні)

«Репрессия жылдарында аяулы да абзал азаматтарымыздың жойылғаны большевизмнің бетіне басылар қара таңба, біздің ғасырлар бойы ұмытылмайтын қасіретіміз»,- деген еді Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Өскелең ұрпақ қасіреті мол жылдар құрбандарын мәңгі есте сақтап, ұлықтап отыруға тиіс. Зұламаттың зардабынан саяси қуғын-сүргінге ұшырап, «халық жауы» аталып кеткен атақты арыстарымыз біздің тарихымызда алтын әріппен жазылатын аяулы жандар.

Қостанай облысының мемлекеттік архивінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың жеке тектік құжаттары сақталымға тапсырылған. Архивист мамандары сақталымдағы құжаттарды жариялай отырып, халық назарына ұсынуда. Дегенмен, «тарих мекен»і аталып кеткен архив мекемесіне жеке тектік құжаттарын тапсыруға әлі де халықтың беймаралдығы байқалады. Саяси қуғын-сүргін құрбандары қорында тек қана үш азаматтың құжаттары тапсырылған, олар Иралин А. И., Еленов Н. С., Абрашов А. А.

Тек қана зиялы, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды ғана емес, сонымен бірге қарапайым жұмысшыларды да қан қақсатқан бұл қаралы тарихи кезең өзекке өкініш пен қайғыны ұялатады. Құйтырқы саясаттың құрбаны болып, жазықсыздан жазықсыз өмірінің жартысын тұтқында өткізген азаматтардың бірі Алексей Александрович Абрашов.

Ол 1910 жылы Ленинград облысының Сейлуч аулында кедей отбасында дүниеге келді. Әкесі Бірінші Дүниежүзілік соғыста еш хабарсыз жоғалып кеткеннен кейін жастайынан анасына көмектесіп, ауыртпалық пен қиындықты мойнына жүктеп балалық шағын өткізді. Ер жетіп әскери қатарға да қосылды. 1934 жылы өзінің туған ауылына қайта оралып, өзінің күйбелең тірлігіне қайта кірісіп кетті. Адал еңбегімен нан тауып жүрген азаматты 1937 жылы жұмыс уақытында «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген жалған айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Алексей Абрашов өзінің естелігінде: «Тұтқындалғаннан кейін темір жол құрылысы жүріп жатқан Қиыр Шығысқа Бурлаг лагеріне этаппен жіберілдім. Ал 1938 жылы Владивостоктан 40 км орналасқан Хасан өзенінің  маңындағы еңбек арқылы түзеу лагерінде темір жол құрылысымен айналыстық. Кейіннен тап-тар вагонда 56 күн бойы тағы этаппен Карелияға аттандық»

— деп өткен өмірін еске алады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Абрашов Мурлагта еді. Ол 1944 жылға дейін темір жол құрылысында еңбектенді. 1947 жылдың аяғында бостандыққа шықты. Кейіннен 3 жылдан соң, яғни 1950 жылы тағы да қолына қара кісен байланды. 8 ай бойы қасіретті қара күндер мен түндер жалғаса берді. Осы жылдың тамыз айында тергеу аяқталып, нәтижесінде А. Абрашовты Қостанай өлкесіне жер аударады. Сөйтіп, тағдыр тәлкегі қазақ жеріне әкеліп тоғыстырады.

Киелі Қостанай жері оны шеттетпей, құшағын жая қарсы алды. Ел қатарлы еңбек етіп, Қостанай жерінде тұрақтап қалды. Алексей Александрович құрылыс саласында қажырлы да қайтпас еңбекқорлығының арқасында бірнеше  марапаттарға ие болады.

        1956 жылы Кеңес үкіметінің ХХ съезінде «Отанын сатты» деген  айып тағылған азаматтардың ісін қайта қару керек деген шешім қабылдады. Міне, осы кезден бастап саяси қуғын-сүргін құрбандары ақтала бастады. Абрашов та өзінің Отан алдында адалдығын дәлелдеу үшін, құзырлы органдарға хат жазды. 1937 жылы оның ісі қаралған Ленинград қаласының прокуратурасына шағымданып, істің қайта қаралуын күтеді. Ақыр аяғында, 1959 жылы Вологод облыстық сотынан: «Дело по обвинению гражданина Абрашева Алексея Александровича, 1910 года рождения уроженца Бабаевского района, Вологодской области, пересмотрено Президиумом Вологодского областного суда 8 июня 1959 года.  Постановление тройки УНКВД Ленинградской области от 4 ноября 1937года отменено дело в отношении Абрашова А.А. производством прекращено за недоказанностью обвинения» — деген анықтама келді.

Осындай хабарламалар қаншама жазықсыз жандардың өміріне бақыт әкелді. «Елдің жауы» деген қара дақтан арылып, ұрпағының алдында өз мәртебесін көтерді.

Әсемгүл Қадырменова, Қостанай облысының мемлекеттік архивінің бөлім басшысы.