Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Демалыс лагері ашылмақ

Қостанай облысында биыл Тұңғыш Президент Қорының «Ел үміті»  бастамасын жүзеге асыру мақсатында ауылда өсіп жатқан дарынды балаларға арналған «Дарын» жазғы демалыс орны ашылмақ. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте айтылды.

Соңғы екі жыл ішінде аймақ мектептерінде жергілікті меценаттардың қолдауымен жалпы сомасы 325,4 млн теңгеге 30 робототехника кабинеті және 65 IT-сыныбы ашылған. Ендігі мақсат  — осы сыныптардың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, баланың дамуы мен білім сапасына тигізетін тиімділігін арттыру.

Білім саласының басшылары бұл үшін жазғы демалыс кезінде бірыңғай танымдық-сауықтыру бағдарламасы бойынша  жұмыс істейтін  «Дарын» лагерінде ауылда оқитын жоғары қабілетке ие балалардың басын қосуды көздеп отыр. Тәжірибелі IT-мамандар жұмыс істейтін лагерде балалар белсенді демалыс шараларымен қатар, ғылыми технологияға қатысты қызықты сабақтар мен ойын-жаттығуларға қатысады.

— «Дарын» лагерінен тыс, жазғы демалыс уақытында балалардың робототехника мен IT саласындағы білімін қашықтан дамыту жоспарланып отыр. Оқушылар бейнероликтер, буктрейлерлер, вайналар, виртуалды экспедиция, экскурсия, саяхат жасап, интерактивті мектептердегі мастер-кластар мен қойылымдарға, жазғы онлайн-лагерлерге қатысатын болады, — деді білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.

Айта кетейік, биыл аймақта «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім мекемелерін компьютермен қамту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды.  Жыл басында білім басқармасының басшысы облыс мектептері әлі де 13,5 мың компьютерге мұқтаж екенін айтқан. Биыл бұл мақсатқа 1390,2 млн теңге бөлініп, бүгінге дейін қажет мүліктің 50 пайызы, яғни 5759 компютер сатып алынып отыр.

— Жаңа сатып алынған компьютердің барлығы техникалық талапқа сай, 2019 жылы құрастырылған қуатты компьютерлер, — деді білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.