Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Машина жасау кластері қалыптаспақ

Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрияландыру картасы мәселелері бойынша баяндаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.

«Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Онда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерге арналған компоненттер шығарылады. Ауданы 38 мың шаршы метр болатын өндірістік кешен биыл желтоқсан айында іске қосылып, келесі көктемде жобалық қуатына шығады», — деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, бизнес-инкубатор елде ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобиль өндірушілері үшін қажетті 2 мыңнан астам бөлшек мен тораптарды шығару арқылы отандық өндіріс үлесінің өсуіне ықпал етеді. Әрі жаңа құзіреттерді ұлғайтуға әсері болады.

«Қостанай қаласының өнеркәсіп аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарының құрамдас бөлшектерін құю өндірісі жолға қойылады. Қазіргі уақытта тиісті инвестициялық келісімге қол қоюға дайындалып, қыркүйек айында құрылысты бастау жоспарланып отыр», — деді министр.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың дерегінше, өндірілетін өнімнің 95 пайызы экспортқа бағдарланған.

«Нәтижесінде Ресейді, ТМД-ны, сондай-ақ Daimler AG неміс концернін қамтитын жаһандық құн жасау тізбегіне кіретін болады. Осылайша, өңір аграрлық бағыттан дамудың индустриялық-инновациялық кезеңіне өтеді», — деді Бейбіт Атамқұлов.