Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мәдениет майталмандары марапатталды

Төрткүл дүниені жайлаған кеселдің кесірінен биыл көптеген салада тоқтау, тіпті тоқырау болды. Соның ішінде өнер саласының аясы тарылып қалғандай. Пандемия кезінде олар шығармашылық белсенділігін жаңа қырынан – онлайн тұрғыда көрсете алды. Бірақ, бұл шын өнер үшін аздық еткені рас. Сахнаның киесі, көрерменнің қошеметі өнер адамына ауадай қажет екенін бәріміз білеміз. Дегенмен, мәдениет қызметкерлері кітапханаларда, концерттік залдарда, шағын орындарда қашықтан жиындар, конференциялар, концерттер өткізіп, халықты дарынымен сусындатып отырды.

Қанша дегенмен, адамзат өнерден алыстап кете алмайды. Шығармашылық адамзат өркениетін үнемі алға сүйреп тұратын құдыретті құбылыс. Сол себепті, оны барынша қолдап, қастерлеу абзал. Биыл Тобыл төрінде дәстүрге айналған «Рухани қазына-2020» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш рәсім облыс орталығындағы Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында  ұйымдастырылды. Іс-шара барысында барлық санитарлық талаптар сақталған.

Үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған облыстық байқауға Қостанай облысының мемлекеттік музейлері, кітапханалары, Мәдениет үйлері, ауыл клубтары, сондай-ақ мәдениет саласының қызметкерлері қатысқан. Байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары осы сынның ІІІ Республикалық айналымына қатысуға мүмкіндік алды. Оған еліміздің 119 кітапханасы мен 90 мәдени-ойын-сауық орталығынан және 50 музейден барлығы 259 өтінім қабылданған. Республикалық сынның қорытындысы бойынша 50 аталымның алтауын Қостанай облысының үміткерлері жеңіп алды.

Үздіктерді марапаттау рәсіміне Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қатысты.

— Облыстық кезеңде 64 өтінім келіп түсті. Комиссия олардың арасынан үздіктерін анықтады. Республикалық кезеңге өткен үміткерлеріміз аймағымыздың намысын абыроймен қорғап, мерейін асқақтатты. Өнер-мәдениет, үздік ұжымдар сынға түскен республикалық «Рухани қазына-2020» фестивалінде Қостанай өңірі 6 номинация мен арнайы сыйлықтардың жеңімпазы атанды. Бұл – біздің кәсіби қызметіміз бен жүйелі жұмыстарымыздың нәтижесі, — деді басқарма басшысы құттықтау сөзінде.

Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша 8 үздік мәдени ұйым, 8 үздік мәдениет қызметкері, сондай-ақ осы жылы жаңадан қосылған «Мәдениет жанашыры» және «Бір отбасы – бір кәсіп» аталымдары бойынша 2 жеңімпаз анықталды. Мұның сыртында, биыл «Карантин кезіндегі белсенді қызметі үшін» аталымы бойынша 6 үздік оза шауып, 1 үміткер «Ғазиза Жұбанова атындағы арнайы сыйлыққа» ие болды. «Рухани қазына-2020» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаз ұжымдарына 100 мың, ал үздік қызметкерлерге 50 мың теңгеден табысталып отыр. Барлық қаражат ұжымдардың материалдық-техникалық базасын күшейтуге, сондай-ақ мәдениет саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталады.