Аға буынның айтқанын түртіп жүретін, санамызға сіңіріп жүретін әдетіміз бар. Бүгіндері тек Қостанайдың ғана емес, күллі қазақ жұртының аяулы ақынына айналған Ақылбек Шаяхмет ұстазымыздың ұлттық құндылықтар туралы мәнді де мағыналы ой-пікірімен бөліскелі отырмын. «Ұстаз» деуіміз бекер емес, Ахаң атындағы университет қабырғасында Ақылбек Қожаұлы бізді осы журналистикаға баулыған болатын.
-«Ұлттық құндылық» деп жатамыз, сол сөздің мағынасы қандай? Оған не саяды, аға?
–Бұл қазқатың әрбір перзенті үшін асыл ұғым болуы тиіс. Оған қазақтың жаны деп қарасақ, тілі, ділі, діні, әдебиеті мен мәдениеті түгел енеді. Мысалға тілді қазақтың қызы сақтайды деп есептеймін. Өйткені, орыста – родной язык, татарда – туған тіл, бізде – ана тіл деген түсінік бар. Қыз барған жерінде баланы бесікке бөлеп, бесік жырын айтады. Баланы әрі қарай тәрбиелейтін – ана. Әкенің рөлін жоққа шығармаймын, әрине. Дегенмен, ер Адам көбіне түзде жүреді. Ал, енді, қызымыз қытайға, түрікке кетсе, не болғаны? Біздің елде, әсіресе, солтүстік жағында кезек күттірмейтін үш мәселе бар. Ол, біріншіден, тіл мәселесі. Екіншісі – тарихи жер-су атауларын қайтару жайы. Мысалы, осыдан он бес жыл бұрын Қостанай облысының картасын жасап, ежелгі тарихи атауларын қағазға түсірдік. Сонда Рудныйдың аты – Сарыбай, Затоболды қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин «Жалбыр» повесьінде «Құттыалап» деп атап жазған, Таран – Әйет, Аманкелді – Батпаққара, Жанкелдин – Торғай, Боровской – Меңдіқара, Урицкий – Сарыкөл, Денисов – Түйемойнақ болатын. Өңірдегі бірнеше ауданның аттарын өзгертіп үлгердік. Өкінішке қарай, бәрін ауыстыра алмадық. Үшіншісі – мәдениет. Осы күні қаладағы мерекелік іс-шараларға шетелден әнші шақыртамыз. Бізге керек емес нәрсеге шығындаламыз.