Қостанай облысында «Кім кінәлі?» деп аталатын толықметражды фильмнің премьерасы өтті. «Кім кінәлі?» – тағдыр тауқыметін тартқан адамдардың тұрмысын көрсеткен туынды. Премьера өткен аптада «Март» сауда орталығындағы «Арман 3D» кинотеатрында өтті. Фильмнің тұсаукесер рәсімін Қостанай обылсы әкімдігінің Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов пен Қостанай облысы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының белді актері Әлімхан Мырзахан кесті.
«Қостанайда алғаш рет толықметражды фильм ұсынылды. Айта кетерлігі, бұл көркем туындының түсіріліміне қаражат жұмсалған жоқ. Ең маңыздысы, қостанайлықтардың киноиндустрияға шамалы да болса үлес қоса алатынын, шығармашылық әлеуетін көрсеткіміз келді. Бастамасы бар. Сәтін салса, облыстық телеарналардан, Youtube желісінен көрермендерге жол тартады. Біз бұл фильм арқылы қариялардың қиын жағдайымен бөліскіміз келді. Одан қалды, бүгінде әке мен ұлдың, ене мен келіннің арақатынасы маңызды болып тұр. Міне, фильм идеясы осыдан шықты. Түсірілім тобының бірінші жобасы көрермендердің көңілінен шыққанына қуанамыз», — дейді фильм режиссері Есбол Жатқанов.
Режиссердің сөзінше, түсіру тобы алдымен Рудныйдағы қарттар үйіне барып, сондағы жағдаймен танысқан. Сценарий авторы Қостанай облысы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының белді актері Әлімхан Мырзахан зерттеу жүргізіп, мәлімет жинақтады.
Айта кетейік, бұл фильмге түсу үшін жүздеген әртістің арасынан іріктеу өткізілді. Олар арнайы сынақтардан өтіп, комиссияның шешімімен таңдалды. Фильмде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Қонысбек Бегайдаров рөлдердің бірін сомдайды.