Бұл туралы тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, облыста жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
-Елбасы айтқандай, елдің келешегі – ұстаздың қолында. Ендеше, жаһандық тенденциялар жағдайында білім беру сапасын жақсартуда білікті оқытушылардың рөлі ерекше. Қазіргі таңда облыс мектептерінде 12 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді, оның 56 пайызы жоғары және бірінші санатты ұстаздар. Үш мыңға жуық ұстаз ұлттық біліктілік тестінен сәтті өтіп, олар бүгінде 30-дан 50 пайызға дейін үстеме еңбекақы алып отыр. Жалпы, облыста педагогтар құрамы толығымен жасақталған. Педагог имиджін қалыптастыруда аймақтық Үздік мұғалімдер одағын құрудың маңызы өте зор. Мұндай одақтың елімізде баламасы жоқ. Қазіргі уақытта оны заңды түрде тіркеу жұмыстары жүргізілуде, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.
ҰБТ нәтижесі бойынша қостанайлық түлектер республикада төртінші орынға шықты. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк хабарлады. Басқарма бастығының айтуынша, Ұлттық біріңғай тестілеуге барлығы 2 785 түлек немесе 58.1% қатысты. Облыс бойынша орташа балл 88,9-ке тең. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2.2-ке жоғары.