Қостанай қаласында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – рухани қазына» салтанатты іс шарасы өтті. Салтанатты шараға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.
Аймақ басшысының сөзінше, сонау 1989 жылы алғаш рет қабылданған тіл туралы заң елдегі тіл дамуының негізін қалады.
–Биыл қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік жылдары қабылданған Конституция қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, басқа да этностардың тілдерін қамқорлығына алды. Тіл туралы заңнама барша қазақстандықтарды мемлекеттік тілдің айналасына біріктіріп, ұлттар мен ұлыстардың бірлігін нығайтуға зор үлесін қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Елімізде тұратын этникалық топтардың тілдері мен мәдениетін дамыту үшін барлық жағдайды жасалады. Қазақ тілі – шын мәнінде ұлтаралық қатынас тілі болып, қазақ тілінің маңызы күшейтіледі. Ол үшін біз болмашы әңгімені доғарып, нақты жұмыстарды жүргізуіміз керек», — деп атап көрсетті. Қыркүйек айында облыстың аудандары мен қалаларында, мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда тілдер күніне орай 100-ге жуық алуан түрлі іс-шара ұйымдастырылды, — деді өз сөзінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.