Қостанайлық жас кәсіпкер Рымбек Өмірзақов шағын бизнес ашып, мемлекеттің қолдауын көріп отыр. Ол тілшілерге шағын кәсібін қалай бастағанын және оның қоғам үшін маңыздылығы туралы айтып берді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табыс салығынан үш жылға босату үшін Үкіметке заңнамалық база әзірлеуді тапсырған болатын. Осының арқасында кәсіпкерлердің жұмысы біршама жеңілдеп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік алып отыр. Солардың бірі – қостанайлық жас кәсіпкер Рымбек Өмірзақов. Оның сөзінше, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.
«Ел Президенті өз Жолдауында кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдарын айтты. Шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдау керектігін түсіндірді. Мамандығым – геолог-геофизик. 2017 жылы қала шетіндегі баубақша бірлестігінен жер алып, үй салдық. Жаз бойы мамандығыммен жұмыс істеп, қыс түсе басқа шаруалармен айналысатынмын. Әуелден отбасылық кəсіп бастауды ойлап жүргенмін. Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын бизнесті дамыту туралы тапсырмасынан соң кәсіп ашуға бекіндім», — дейді Рымбек Өмірзақов.