Бүгіндері облысымызда жұртты жаппай еңбекпен қамту шаралары жақсы қарқын алған, бірер жыл бұрынғы бағдарламалар өз жемісін беріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, осыдан екі жыл бұрын республикада еңбекпен қамтуды нәтижелі және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бастау алған болатын. Аталған бағдарламаны орындауға биыл Қостанай облысында 8,8 млрд теңге бөлінсе, жыл басынан бергі 9 айда оның 5,1 млрд теңгесі немесе жоспардағы қаражат толық игерілген. Бұл туралы барлық деңгейдегі әкімдердің қатысумен өткен кеңейтілген жиналыста айтылды.
«Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Игілік» бағдарламалары бүгіндері облысымызда қарқынды жүзеге асырылып жатқан, сұранысқа ие бағдарламалардың бірі. Аталған жобалар қолға алынғалы қыруар шаруа атқарылды. Әсіресе, оңтүстік аудандарда аталмыш бағдараламалар жемісін беруде. Бұл туралы төменде тарқатып жазатын боламыз.
Жыл басынан бері 20,3 мың адам жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген, олардың 85 пайызы жұмыссыз жүргендер, қалғандары өздерін жұмыспен қамтып отырғандар жандар. Ал «Еңбек» бағдарламасына қатысушылардың 42% әйелдер, 30% жастар, 2% аз қамтылған және 1,5% көп балалы отбасылар. Осы және бағдарламаның орындалу барысы мен кемшіліктері жөнінде барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен кеңейтілген жиында аймақ басшысының орынбасары Марат Жүндібаев мәлімдеді.
Техникалық және кәсіби білім мен қысқа мерзімді оқу бағдарламасына сәйкес бірінші қыркүйектен 950 адам жоспарлы оқуды бастап кеткен. Қысқа мерзімді оқу курстарын өтуі тиіс 2075 адамның 1870-і барған.