Кеңестік қылышынан қан тамған зұлмат дәуір. Кең етек алған сатқындық. Бетіңе күле қарап, сырт айнала бере, көпе-көрінеу көрінген екіжүзділік. Көгершін пендеге жасалған қиянат. Жазықсыз жабылған жала. Торға түскен бейкүнә тағдыр. Біржақты айыпсыз тергеу. Күштеп мойындатуға тырысу. Шаш ал десе, бас алған зұлымдық. Заңсыз орындалған сот үкімі. Қыршын кеткен ғазиз ғұмыр…
Көрнекті жазушы, жазба әдебиетіміздің негізін қалаған жерлесіміз Бейімбет Майлиннің өмірін арқау еткен «Қаламгер» (Би-аға туралы тамшылар) спектаклінің тұсаукесерінде қамтылады. Облыстық қазақ драма театры биылғы 20-шы маусымашар шымылдығын бірегей тұлғаның бейнесін сомдаған қойылыммен бастап отыр. Қазақ даласындағы тұңғыш дыбыстық «Амангелді» фильмінің сценарийін жазып, сол көркем туындының түсірілімін енді аяқтап келген жазушы-драматург «үштіктің» құрығына ілініп, қамауға алынғаны аян. Тергеу өкілдері де Би-ағаға қандай айып тақты? Қаламгер жазадан құтылу үшін алдында тұрған екі жолдың қайсысын таңдайды?
Міне, осы көріністердің барлығын өнер ордасына барып көргеніңіз абзал. Басты кейіпкерлерді театрдың жас актерлері Нұрлан Байшин (Бейімбет Майлин), Қымбат Әуезханова (Гүлжамал)сомдаса, бала Бейімбет бейнесінде – Әлижан Бек. Шара Мүсілова, Мейрам Жапаров, Ажар Шәкіржанова, Бақытжан Таңатқанұлы, Олжас Бегайдаров, Нұрлыбек Кенжеахметов, Төленді Әлғожин, Ерхан Барақов, Диана Тұрсынова, Ғабит Қызыровтар өздеріне жүктелген рөлдерді шеберлікпен алып шыққан.
Қыдырбек Қиысхан