Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы екі жылда қыруар ілкімді істер атқарылып келеді. Соның куәсі ретінде облысымызда біршама тұлғалардың есімі еленіп, қайта жаңғырылып, жастар тарапынан іздеуді талап етіп отыр. Мәселен, күні кеше ғана Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті қабырғасында Тобыл-Торғай өңірінің біртуар азаматы, белгілі ақын, жазушы-журналист Байтұрсын Ілиястың 80 жылдығына байланысты «Ахметін іздеген Байтұрсын Ілияс» атты еске алу кешін ұйымдастырды.
Тағылымды басқосу қазақ халқының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Қазақстан Журналистер Одағының 60 жылдығы шеңберінде ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Бұл ұлағатты шараға Байтұрсын ағамыздың замандастары, әріптестері, туған-туыстары мен шәкірттері, университет студенттері қатысты. Еске алу кешінде жазушы-журналистің өмір жолы туралы сыр шерткен фильм көрсетілді.
Өткенге көз жүгіртсек, ел арасында «қара шаңырақ» аталып кеткен Қостанай мемлекеттік университеті 1992 жылы құрылған болатын. Ал арада төрт жыл өткенде білім ордасына Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріліп, ел-жұрт өткенімен қауышып, арқа-жарқа болған еді. Бұған университеттің сол кездегі ректоры Зұлқарнай Алдамжар мен осы Байтұрсын ілиястың көп еңбегі сіңгенін бірі білсе, бірі біле қоймас.
Соңыра білім ордасының ішінен Ахаң мұражайын ашу жоспарланғанда, оған Ахмет Байтұрсынұлы тұтынған заттар, қолжазбалар, басқа да құнды жәдігерлер қажет болды. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында сол заман «Ақжол» экспедициясы ұйымдастырылды. Оған Байтұрсын Ілияс ағамыздың өзі жетекшілік етіп, игілікті істі бастаған-ды. Сол кезде экспедиция мүшелеріне жолбасшы болған, қарт журналист Ибрагим Ағытай былай дейді:
-Байтұрсын ағамның ақындығы, жазушылығы бір төбе ғой, менің ол кісіге бір таң қалғаным, мына адамгершілік деген түсінік үлкен-кішіні талғамайды. Туысшылдық, бауырмалдық деген ұғым да сол сияқты. Сол сапармызды ағамыз Торғайдағы бірнеше туыстарына сәлемдеме апарды. Бұл сәлемдеме қазақта ағайын арасын, бауырлардың арасын қосуға үлкен септігі тиетін дүние. Мен соны өзіме үлкен өнеге тұттым. Ол кісінің екінші бір ерекшелігі-ешқашан ерінбейтін еді. Діттеген мақсаты орындалғанша, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейді. Шамалы нәрсеге дегбірсізденіп отырғаны. Сондай тынымсыздықтың арқасында өмірге «Алтын бесік» келді. Бәкең сол жолы көптеген шәкірттерін жарыққа шығарды, өнерге әкелді,-деді қарт журналист Ибрагим Ағытай.
Бұдан соң Ибрагим ақсақал әсерлі кеш үстінде сөзін әрімен жалғап, университет басшылығына: «Бәкеңнен кеткеннен кейін осы мұражай ешқандай жәдігермен, тарихи құжаттармен толықтырылған жоқ. Университеттің жаңа басшылығы сол олқылықтың орнын толтырса екен деймін. Оны Ахаң туған елде өзі тұрған үйі бой көтерген. Сонымен байланысты үзбеу керек. Сол жақтан да Ахаңа арналған бір мүйіс ашса, оң болар еді. Осыны ескеріңіздер»,- деген жақсы бір ұсыныс тастады.