Қостанай қаласындағы «Kostanay Plaza» сауда орталығында халыққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды түсіндіру бойынша кең ауқымды флэш-моб өткізілді. Іс-шараға Қостанай медициналық коледжінің жетпістен астам студенті атсалысты.
Акция студенттердің дайындаған алғашқы медициналық көмек көрсету туралы көрінісімен басталды. Сондай-ақ, шара барысында “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалының мамандары тұрғындар арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тегін үнпарақтар таратты
-Келер жылдан бастап жаңа жүйе өз жұмысын бастайды. Бұл жүйенің басты мақсаты — медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қол жетімділігін арттыру. Сондықтан, бұл жүйенің халық және мемлекет үшін, медициналық қызметтерді жеткізушілер үшін де оң әсерін берері сөзсіз. Бүгінгі шара да халыққа жаңа жүйенің тиімділігін түсіндіру мақсатында өткізіліп отыр, — дейді филиалдың бөлім басшысы Асқар Қасымов.