Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мейірбан жүректі ұстаз

30 ноября 2019 15:30 • 762 просмотров

Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ. Жан жылуын, бар білімін баланың бойына сіңіріп, әр оқушысының үлкен өмірге оқып-тоқыған азамат болып аттануына зор үлес қосатын мейірбан жүректі ұстаздарымыз аз емес. Солардың бірі Шолақсай орта мектебінің мұғалімі Қарлыға Тайшығарақызы Айтекова. Көп жылдан бері осы мектепте бастауыш сынып мұғалімі, болып қызмет атқарып жүрген Қарлыға апай ұжымның да мақтанышы.

Оның әр ісінен шығармашылықты, жоғары педагогикалық білік пен ізденімпаздықты көре аласың. Өзінің әдістемелік шеберлігін шыңдап, оқу үрдісіне жаңа технологияларды енгізуде өзіндік жүйе қалыптастырған ұстаз. Оқытатын екінші сыныбына арналған дидиактикалық материалдар жинағын тиімді пайдаланады.

Ұстаз еңбегінің таразысы – оның оқушыларының білімі. Қарлыға Тайшығарақызынан дәріс алған оқушылардың көбі үздіктер қатарынан табылуда. Бастауыш сынып оқушыларына арналған «Кенгуру», «Ақбота» «Пони» халықаралық математикалық ойын-сайысына оқушыларын үзбей қатыстырады.

Қарлыға Тайшығарақызының тәлімгерлік тәжірибесі де мол. Мектебімізде бастауыш сынып мұғалімдері оның жанынан үйіріліп шықпайды: тәлімгерден тағылым алып, әдістемелік көмек сұрайды. Әрдайым қолұшын беріп, әріптестік ақыл-кеңесін айтып отыратын Қарлыға Тайшығарақызын олар үлгі тұтады.

«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасайтын Қарлыға апаймымыздың еңбегі еленіп те жатыр. Бірнеше дүркін аудан, облыс білім басқармаларының мақтау қағазының иегері. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсе де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтпайтын ұстаздардың бірі. Апайымыз үнемі ізденіс үстінде. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отырады. Қарлыға апайымыз бала алдында өзінің жүріс тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, дауыс ырғағымен яғни барлық жағынан үлгі болар жан.

Ұстаз болуды армандап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен мектебімізде ұстаздық жолын бастаған жас мамандарға да аналық ақылын айтып отырады. Жас мамандарға :«Еңбектерің жансын, бейнеттеріңнің зейнетін көріңіздер, ешқашан уақытпен санаспай еңбек етіңіздер, түбінде сіздерден жақсы маман шығады. Себебі сіздердің алдарыңызда өміріміздің аса бағалы иелері, болашағымыз, еліміздің ертеңі, жас өркендеріміз отыр.Жаңа заманға сай жігерлі де намысты ұлдарымызды, инабатты да ибалы қыздарымызды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қазақы болмысымызбен тәрбиелеуге ат салысайық»,-деп ақылын айтады.

Қарлыға апай жолдасы Асқарбек ағаймен бірге ұл-қыз өсірген бақытты отбасы. Бүгінде қызын қияға, ұлын ұяға қондырған ерлі-зайыпты немере сүйіп, ата-әже бақытына кенелуде. Аудандық, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының да жүлдегері.

Ұстаздықтан өз бақытын тапқан асыл жан бүгінде мектепте өз қызметін адал атқарып жүр. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Мектептің абыройын аспандатып, жалпы бала тәрбиесіне,білім беру ісіне асқан құлшыныспен кірісіп, үнемі еңбектеніп жүретін Қарлыға Тайшығарақызы аман болсын! Әр ісі үлгі, ұлағатты ұстазға – мың тағзым етсең де артық емес-ау сірә!

Жұмабике Нұрсейітова. Науырзым ауданы.