Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

БАТЫР БАБАЛАР РУХЫНА ҚАРЫЗДАРМЫЗ

1 декабря 2019 11:30 • 823 просмотров

23 қараша күні Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры «Ботақара-Шешенбике» спектаклін ұсынды. Естеріңізге сала кетейік, бұл қойылымның прьемерасы биыл Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында өткен болатын. Театрдың жиырма жылдық тарихында тұсаукесер шет сахнасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл облыс ғана емес, еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Құрманхан атындағы Баян-Өлгий аймақтық «Алтын жұлдыз» орденді музыкалы драма театрындағы қойылымнан соң Қазақстан тарихшыларының Ұлттық конгресінің мүшесі, «Абақ керей Ботақара» ҚБ вице-президенті Бақытхан Солтанбаймен сұхбаттасқан едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

— Бақытхан Солтанбайұлы, ең алдымен қор туралы айтып өтсеңіз?

— Моңғолия мемлекетінде «Абақ керей Ботақара» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бұл осы елде тұрып жатқан Ботақара ұрпақтарының саяси, әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін шешуге бағытталған. Қордың мүшелері дүниежүзіндегі барша ботақаралар. Біздің ата қонысымыз — Сарыарқа. Сондықтан да, атамекенде де «Керей Ботақара» қоры ашылған. Бұл Қазақстандағы бауырларымыздың басын біріктірген бірден бір заңды ұйым. Негізгі мақсатымыз – туыстардың ауызбіршілігін сақтау, рухани байланысты үзбеу.

Қазіргі таңда біздің әулеттің саны 150 мыңға жетіп жығылады. ОларҚазақстаннан бөлек Моңғолия, Қытай, Еуропа елдерінде тұрып жатыр. Бір кіндіктен тараған туыстар қатынасын үзбеу үшін Моңғолияда «Абақ керей Ботақара» бірлестігі атынан ақпараттық-насихаттық сайт ашылды. Онда рудың шежіресі, әулеттен шыққан тарихи тұлғалар, олардың өмірі, еткен еңбектері қамтылған. Қазіргі қарқынды дамыған жаһандану заманында жастар өзінің түп-тамырынан ажырамай біліп өсуі қажет. Сайттың көздегені осы.

— Әдетте, біз тарихтан ер Жәнібекті білеміз. Тиісінше, Ботақара жайлы мағлұмат бұған дейін көп айтылмаған. Сондықтан да, көрермендер тарапынан «Ботақара кім, қай заманда өмір сүрген?» деген сұрақтар туындауы да заңдылық.

— Айтуыңыз орында. Қазақта батыр көп. Осынау ұланғайыр жерді сақтап қалған сол бабаларымыз. Сондықтан, бүгінгі асты-үсті қазынаға толы жеріміз үшін Ботақарадай батырларға қарыздармыз. Өкініштісі, соны насихаттау жағы кемшін. Тарихи тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіретін әдеби шығармалар, кино, спектакльдер ғой.

Мысалы, Қытайда «Ер Жәнібек» романы жарық көрді. Кітап қазақстандық оқырмандардың қолына толық тие қойған жоқ. Ботақара ер Жәнібектен ертеректе өмір сүрген. Мен сізге қызықты дерек айтайын, Жәнібектің атасын жау қолынан алып шыққан Ботақара батыр екен, яғни, өмірде болған адам. Қазір Қарағанды облысы аумағында Ботақара, Шешенқара деген тау бар. Батырға деген халықтың құрметі болмаса, жер атауын иеленер ме еді?!

— Батырдың есімін ұлықтау қашаннан бастап қолға алынды?

— Бабамыз жайлы кітап жазып, сахнада жаңғырту идеясын алғаш көтерген Қытайдағы туыстарымыз. 2016 жылы А4 форматындағы 886 беттен тұратын көлемді шежіре кітап шықты. Мұнда да көп дерек қамтылған. Ол төте жазумен басылған, қазір кирилл қарпіне түсіріліп жатыр.

— Спектакль қалай өмірге келді?

— Былтыр Моңғолия әкімшілігінің мәжіліс залында алғашқы құрылтай ұйымдастырдым. Осы жиында ең алдымен әулетті басқаратын төраға тағайындалды. Әр ауыл, әу рудан шыққан жүзден астам ақсақалдар қатысып, Сиез Қазезұлы ағамызды төраға қылып тағайындадық. Бұл кісінің мамандығы дәрігер, Моңғолия мемлекетінің еңбек сіңірген қайраткері. Басқосуда Ботақара бабамыздың ерлігін ұлықтау мәселесі күн тәртібіне қойылды. «Кино түсіреміз бе, әлде пьесса жаздырамыз ба?» деп кеңестік. Маған арнайы тапсырма берілді. Өзім тарихы болғандықтан көп ойландым. Тарихи тұлға халықтың санасында жаңғыру үшін сахналық қойылым керек деп шештім. Сол үшін ең алдымен драматург іздедім.

— Сүйтіп, Әскербек Ақтайға тоқтадыңыз?

— Иә, өйткені Әскерхан Ақтай тағдырымызбен етене таныс. Өзі де көшті басынан өткерген қаламгер. Сиез ағамыз да Әскерханның кандидатурасын құптады. Сүйтіп қолдағы деректерді, аңыз, жыр-дастандарды сұрыптап, сараптап ұсындым. Соның ішінен көрерменге қызықты болуы үшін Ботақара-Шешенбике оқиғасын алып шықты. Бұл тек қырғын, атыс шабыс емес, тағдыры ұқсасм екі халықтың жастарының арман-тілегі, махаббат, достығынан өрілген драма. Татулыққа, бейбіт өмірге үндейді.

Ал енді «пьессаны қай театр сахналайды?» дегенде таңдауымыз Қостанайға түсті. Себебі, Ілекең театрының шығармашылық табыстары өнерсүйер қауымға жоғары бағалайды.

— Қойылым көңіліңізден шықты ма?

— Баян-Өлгий театры – шетелдегі жалғыз қазақ театры және кезінде алтын орден алған ұжым. Мұнда үлкен дәстүр, тамыр бар. Көрермендері сөз қадірін біледі. Шын өнерді тани алады.

Қойылым барысында халық әр эпизод, әр сөзге қол шапалақтап, рухтанып отырды. Мұның өзі Қостанай театры труппасының шын шебер, өз ісіне адал берілген, қандай образды да алып шыға алатын кәсіби мамандар екенінің дәлелі. Тілдері жатық. Сөздері айқын. Беріліп ойнайды. Спектакль барысында халықты біресе ду күлдіріп, енді бірде көзіне жас алдырып, жылатып отырды. Сондай әсерлі қойылым болды. Бұл бізді қуантты, баба рухын бір аунатты. Қоюшы-режиссері Әлия Баймаханның еңбегіне, ізденісіне тәнтіміз. Тарихи тақырыпты заманауи үлгіде алып шыға білген.

Осындай спектакльді әзірлеген ұжымға, рухани жаңғыруды іс жүзінде атқарып жатқан Қостанай облысы әкімдігіне, мәдениет басқармасының басшысына алғысымыз шексіз. Моңғолиядағы қандастарыңыз Сіздердің бұл құрметтеріңізді ұмытпақ емес! Келешекте «Қытайдағы, Еуропадағы бауырларымыз да осы спектакльді көрсе» деген арман көңілді қытықтады. Бұйырса ол да болып қалар деген үміттеміз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Абылай Мауданов, Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.