Облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен «Еститін мемлекеттің тұжырымдамасын іске асырудағы қоғамдық кеңестердің орны мен рөлі» тақырыбында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.
Халық пен билікті байланыстырушы көпір рөлін атқарып келе жатқан облыстық Қоғамдық кеңестің құрылғанына үш жыл уақыт өтті. Ол «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңына сәйкес, Ұлттық жоспардың 99 қадамын іске асыру аясында жұмысын бастаған еді. Биыл 11 ақпанда облыстық кеңестің 25 адамнан тұратын жаңа құрамы бекітілді. Осы құрамның мүшелері тағы бір мәрте таныстырылып, жыл ішінде атқарылған жұмыстар тілге тиек етілді.
«11 ай ішінде Қоғамдық кеңестің 2 отырысы, 12 қоғамдық тыңдау, президиумның 29 жиыны өткізіліп, ұзын саны 122 нормативтік-құқықтық акт қаралды. Комиссия құрамында әр партия өкілдері, кәсіподақтың, этномәдени бірлестік, қоғамдық қорлар, облыстық басқармалар мүшелері, кәсіпкерлер бар», — деді Қостанай Қоғамдық кеңесінің төрағасы Азамат Тұрсынов.
Спикерлер айтқандай, кеңестің ең негізгі міндеті – халық мүддесін қорғау, қоғамдық пікірді зерделей отырып, күрмеулі мәселелерге үңілу.
«Нақты деректер келтірер болсақ, Дружба ауылындағы жол, тасымал мәселелеріне араластық. Студенттерді жатақханамен қамту түйткілі де күн тәртібіне қойылды. Әуежай шағын ауданындағы мектеп жайы да қадағалауымызға алынғанын айта кету керек, — деді Кеңес хатшысы Әсия Дуанбаева. — Көбіне Кеңес талқылауына нормативтік-құқықтық актілер түседі. Тізе берсек, мұндай мысалдардың қатары көп».