«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында Партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті.
Маңызды мәжілісте Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы талқыланды. Бағдарламаның өңірдегі жүзеге асу барысы туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аида Құсайынова баяндады.
Аида Құсайынованың мәліметінше, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша соңғы үш жыл ішінде 85 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. 2017 жылдан бері облысқа басқа өңірлерден 3165 адам келіп тұрақтап қалған. Оның 1867-сі — қоныс аударушы, 1298-і — оралман. Қоныс аударушылардың дені Түркістан (530 адам), Қызылорда (499 адам) және Жамбыл (260 адам) облыстарынан келген. Өңірге тұрақтап қалғандардың көші-қоны мен бастапқыда баспана жалдап тұруына 440 млн теңге демеуқаржы бөлінген.
Оралмандар мен қоныс аударушылардың 1392-сі тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде дәрігер, фельдшер, акушер, мұғалім, даяшы, есепші, жүргізуші, механизатор, дәнекерлеуші, инженер, мал дәрігері, логопед, т.б. мамандар бар.