2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 5 014,9 млн теңге қарастырылып, жыл басынан бері жаңартылған форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 10 996 отбасына төленген. Ал, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа жолары пайда болмақ.
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен «Әлеуметтік көмектің жаңа моделін енгізу барысы туралы» селекторлық жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, 13 670 шартты ақшалай көмек алушылардың 1 414-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылуға жататын тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Атаулы әлеуметтік көмек 10 241 отбасына 4648,3 млн теңге сомасында төленді.
-Қараша айына төлемдер жасалды, қазір желтоқсан айына АӘК төлеу басталды. Дегенмен, қала және аудан әкімдеріне осы жылдың соңына дейін барлық тағайындалған отбасыларға АӘК-ті толығымен төлеу керек екенін еске салғым келеді. Қазіргі уақытта “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы” ҚР Заңына өзгерістер енгізілуде. Мәселен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік көмектің осы түрін ұсынудың классикалық схемасына қайтаруды көздейтін АӘК-тің жаңа моделі енгізілуде. Яғни, көмектің бұл түрі тоқсан сайын, өтініш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанға көрсетілетін болады. Егер 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін АӘК 18 жасқа дейінгі әрбір балаға кедейлік шегі (20789 теңге) мөлшерінде, ал отбасының ересек мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табыс пен кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде төленсе, жаңа модель бойынша әлеуметтік көмек отбасы мүшелеріне, балаларды қоса алғанда, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен облыс бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайыз мөлшерінде белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде көрсетіледі, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.