ҚР көші-қон саясатын одан әрі жетілдіру және еліміздің имиджін жақсарту мақсатында Мемлекет басшысы халықтың көші-қон туралы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу құжатына қол қойған болатын. Бұл өзгерістер жаңа жылдың 10 қаңтарынан бастап күшіне енгізілмек. Яғни, бұдан былай жаңа ереже бойынша «шетелдіктерді тіркеу» ұғымы алынып тасталады.
Осы және өзге де өзгерістер жайында баспасөз жиынын өткізген Қостанай облыстық полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Қайрат Дүтпаев мәлімдеді.
— Ендігі жерде кез келген шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан аумағына кірген кезде ішкі істер органдарына тіркеуге алыну міндеттемесінен босатылады. Яғни, бұл міндеттемені жеке немесе заңды тұлға ретіндегі шақырушы тарап өз жауапкершілігіне алады. Сондай-ақ, паспорт, жеке куәлікке қосымша көші-қон тіркемесі де айналымнан кетеді, есесіне шетелдіктер біздің еліміздің аумағына кірген сәттен шекара қызметі оларды бірден тіркеуге отырғызады. Осы тіркеу 30 күнтізбелік тәулік аралығында заңды күшінде болады. Шақырушы тарап (қонақ үй әкімшілігі, осында тұрақтаған туыстары, таныстары) шетелдік азаматтың келгені туралы 3 тәулік аралығында жауапты орган – көші-қон қызметіне хабарлау қажет. Бұл хабарлама үш түрлі тәсілмен жүзеге асырылады: біріншіден, көші-қон визасы порталы арқылы, екіншісі, электрондық үкімет порталы арқылы, үшіншіден, көші-қон қызметіне келіп арыз жазу арқылы. Алғашқы екі нұсқа бойынша үйден шықпай-ақ жұмысты атқаруға болады, — деді Қ.Дүтпаев.
Сонымен шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан аумағында 30 тәулік бойы тіркеусіз жүріп-тұруға құқылы. Осы мерзім аяқталған соң сырт елдің азаматы жұмысқа орналасу, оқу, туризм, емделу, басқа да қажеттіліктерімен қалғысы келсе, уақытша мекендеуге рұқсат алу (бұған дейінгі «тіркеу мерзімін ұзарту» де алынып тасталады) шарты бойынша жүріп-тұра бермек.
Ал шақырушы тарап шетелдіктің әрі қарай қалуына рұқсат алуға міндеттеледі. Тек жұмыс істеуге қалған шетелдік ай сайын мемлекетке 2 АЕК көлемінде салық төлеп отыру қажет.
— Жаңа норма бойынша енгізілген тағы бір өзгеріс – заңсыз қызметке тосқауыл. ТМД елдерінен қонақтап, қыдырып, жеке шаруаларымен келіп-кететін азаматтар үшін 180 тәуліктің 90 тәулігінде ғана Қазақстан аумағында болуына рұқсат етіледі. Айталық, бұған дейін кез келген ТМД азаматы елімізге емін-еркін келіп-кетіп, тіркеу мерзімін ұзартып жүре беретін. Олар қағаз жүзінде жұмыссыз, ал іс жүзінде бизнес, басқа да салаларда еңбек етіп, табыс тауып келді. Бұдан былай мәселен, 1 қаңтар мен 30 маусым аралығындағы 6 айдың 3 айында ғана (1 күннен бе, 10 күннен бе, 1 айдан ба, өз еркі) Қазақстанда болады, одан кейін тек 1 шілдеден 31 желтоқсан аралығында еліміздің аумағына кіруге рұқсат. Осыдан кейін заңды түрде жұмыс істеу мәселесі шешілмек. Бұл тәртіп Ресейде бұрыннан бар. Бұл жерде ешқандай өрескелдік болмаса біреудің құқығын шектеу жоқ, керісінше, барлығы заң шеңберінде, — деді полиция полковнигі.
Айта кетейік, былтыр облысымызға ТМД елдерінен келген 3002 адам заңды жұмыс істеу туралы тіркеуге отырған болса, 450 азамат тіркеу мерзімін ұзарту туралы өтініш берген.
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі