Компьютерлік томография (КТ) және магниттік-резонанстық томография (МРТ) қызметі МӘМС арқасында қазақстандықтар үшін 2020 жылдан бастап тегін көрсетіледі. Бар болғаны, жеке отбасылық дәрігерден тексеруден өтуге жолдама қағаз алу жеткілікті. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұлов хабарлады.
«Біздің ойымызша, 2020 жылы құны қымбат тұратын КТ және МРТ қызметінің қолжетімділігі артады. Қарағандыдағы пилоттық жоба көрсеткендей, жеке секторлар бұл қызмет түрлеріне қызығушылық білдіріп отыр. Осы бағыттағы тарифтер өткен жылдың соңында 60%-ке дейін өсірілді, бірақ олар қазіргі таңда нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Дей тұрғанмен, медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көлем қамтамасыз етіледі. Бұған жеке клиникалар өте мүдделі, — деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.
Бүгіндері қызметтерді бөлу тетігі әзірленіп қойылған. Барлық жолдама қағаздар мен тағайындаулар емханадағы отбасылық дәрігерден басталуы тиіс. Нақ солар диагноз қойып, қандай тексерулерден өту керектігі жөнінде шешім шығарып, сіздің денсаулығыңызды бақылауға алады.