Ашаршылық заманда жұрт масақ теріп, диірмен салып, кебегінен көже, ұнынан ботқа жасап ішкен деседі білетіндер. Қостанайда ертеден келе жатқан осы бір қара көжені істейтін Биғанша Қарина әжей тұрады. Балконда күбі ыстап, көже ашытатын 78 жастағы әжейдің үйіне тілшілер барып қайтты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» АА хабарлайды.
Биғанша апамыз Қостанай қаласына 2006 жылы көшіп келді. Енесінен қалған қара күбісі мен қол диірменін ауылға тастамаған ол сол уақыттан бері көжесін үзген емес. Бастапқыда: «Қалалық үйде күбіні қайтесің?» — деп күлгендер де болыпты. Алайда, бұл күбі отбасының ырыс-берекесіндей болып кеткен.
«1959 жылдың мамыр айында Фазылхан атаңмен шаңырақ көтердік. Келін болып түскеннен бері бие сауып, күбі пістік. Енем 84 жасында өмірден озды. Өмірінің соңғы сәтінде маған «осы күбіні қаңсытпа» деген еді. Сол аманаты күні бүгінге дейін жадымда. Ауылда үзбей бие саудық. Балалар есейіп, қалаға келдік. Сонда да сауатын бие жоқ болса да, күбімді құрғатқан емеспін. Қыста көже, жазда қымыз құйылып тұрады», – дейді Биғанша Қарақызы.
Расымен де Фазылхан атамыздың шаңырағында қара күбінің қадірі ерекше. Сыйымдылығы 15 литрден асатын күбі Маудановтар отбасымен бірге жасасып келеді. 61 жыл бойы пайдаланылып келе жатқан күбі Фазылхан атамыз бен Биғанша апамыздың үйлену тойына арналып жасалған екен.
«Бұл күбі Сейілхан Бектенов есімді шебердің қолынан шыққан. Шүкір, осы жылдар ішінде дастарханымыздан ақ үзілмей келе жатыр. Шаңыраққа келімді-кетімді кісінің бәрі де көжеден дәм татып кетеді. Ысталған күбіден шыққан өнімнің пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе, аяғы ауыр келіншектер көбірек іздеп жатады. Ашаршылық заманда жұрт масақ теріп, кебегінен көже, ұнынан ботқа жасап ішкен ғой. «Бір күн ішкен қара көженің қуаты үш күнге демеу» – деген сөз бар емес пе! Көженің бар сыры оның құрамындағы дәрумендерде», — дейді Биғанша апамыз.