Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тобылдың тынысы кең

7 февраля 2020 11:00 • 1 002 просмотров

Қостанай облысында аудан әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесулері басталды. Жұртшылқпен жүздесулердің бірі – Тобыл қаласында өтті. Аудан тұрғындары алдында Қостанай ауданының әкімі Виктор Радченко есеп берді. Аудан басшысы 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Осы жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.

Өңірде елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Солардың бірі – ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қаулысымен Затобол кентіне қала мәртебесі беріліп, атауының «Тобыл» деп өзгертілуі. Осыған орай, жаңа қалаға бөлініп отырған назар ерекше. Мұның сыртында, есепті кезеңде Заречный кентінде «Жилэлектрик» компаниясының «Жел электр станциясы құрылысы» инвестициялық жобасы басталған еді. Бұған 19 млрд теңге инвестиция құйылды. Құрылыс осы жылы аяқталады.

Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 млрд 892 млн теңгеге ұлғайып, 24 млрд 622 млн теңгеге тең болды. Егін шаруашылығының өнімі бұл аграрлы ауданда да айтарлықтай төмен көрсеткішке ие. Шығым гектарына 10 центнерден келіп, 239 мың тонна астық бастырылған. Аудан аумағында 42 мың 600 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылысқа 6 млрд 181 млн теңге жұмсалған. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Заречный ауылында 171 жеке тұрғын үй құрылысы аяқталды. Оған 2,2 млрд теңге жұмсалған. Бәйтерек, Астана шағын аудандарына газ тарту жұмыстары нәтижелі аяқталыпты. Мамыр айында Надежин аулына су тарату құрылғысын орнату жұмыстары басталмақ. Бұған облыстық бюджеттен 10 млн теңге бөлінген.

«Сондай-ақ, Владимиров, Мәскеу, Садчиков, Айсары, Половинов, Александров, Константинов, Алтынсарин, Алтын Дала және Белозер, Майкөл Шеминов ауылдарына орнатылатын орталықтандырылған ауызсу құрылғысы құрылысының жобалық құжаты әзірленді. Жалпы құны – 8 млрд 237 млн теңге», — деді аудан басшысы.

2019 жылы жалпы сомасы 1 млрд 198 млн теңгеге аудандық маңыздағы жолдар және Тобыл қаласы көшелері жөнделген. Биыл бұл жұмыстар жалғасын табады. Оған 861 млн теңге қарастырылып отыр.

Сурет Өңірлік коммуникациялар орталығынан алынды.