Әлемнің жеті кереметінен асқан ғажайып тағы бір дүние бар. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бұл ғажабына үйренгеніміз соншалықты бағалаудан қалыс қалудамыз. Бұл керемет әркімнің қолынан табылады. Әр кезде көмегін беруге, бар білгенімен бөлісуге, көрсетуге, тіпті баяндап беруге даяр нағыз дос, нағыз ұстаз ОЛ – КІТАП!
2020 жылдың 11 ақпанында Назарбаев Зияткерлік мектебінде биылғы жылдың атаулы мерей тойлары қарсаңында оқушылар арасында «Edible book» фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальге тек 7-сынып оқушыларынан құралған 10 команда қатысып, әр сынып атаулы күндер мен түрлі кітаптар желісі бойынша тәтті бәліштер дайындады. 2-ші жыл қатарынан өткізілген фестивальдің басты мақсаты оқушыларды кітап оқуға баулу. Сонымен қатар, Ұлы тұлғалардың жас ұрпаққа мұра етіп қалдырып кеткен шығармаларымен жақынырақ таныстыру.
Бір сынып Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Тәтті кітап» дайындаса, енді бірі Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150-жылдығын өз жұмыстарында көрсете білді. Сонымен қатар, Б.Момышұлының 110-жылдығы, Ш.Уәлиханов жерлесіміздің 185-жылдығы мен Н.Ә.Назарбаевтың 80-жылдық мерейтойлары да оқушылардың еңбектеріне арқау болды. Оған қоса, әр сынып «Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап жобасы» бойынша сүйіп оқитын шығармаларының желісімен де жеке бәліштер даярлады. Фестивальдің сәнін одан сайын келтірген «Тұмар» би тобы кітаптармен флешмоб биледі. Көрермендер үшін де «Графикалық көңіл-күй» викторинасы ұйымдастырылып, әр сұраққа жауап берген қонақтарымыз тәтті сыйлықтарға ие болды.
Айжан Сұлтанқызы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапханашысы:
— Бүгін Еліміздің басты мерекелердің бірі Абай атамыздың 175 жылдығына орай осындай фестиваль өткізілуде. Қазылар алқасы оқушылардың біліміне, торттың безендірілуіне, оның таныстырылымы мен дәміне мән берді. Әділ-қазылар шешімі бойынша 7 «В» сынып оқушылары дайындаған Шекспирдің «Ромео Джулиетта» кітабының мұқабасы бейнеленген торт үздік деп танылып, фестиваль жеңімпазы болып атанды. Ал қалған қатысушы сыныптар әр-түрлі номинациялармен марапатталды.
Бұл фестиваль мектебімізде екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр, келесі жылы да жалғасын табады деген сенімдеміз!