Арқалық қаласын жылумен қамтамасыз ету жүйесі өзгереді. Бұл туралы тұрғындарға есеп беру жиынында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті.
Қостанай облысының Арқалық қаласын жылумен қамтамасыз ету ел қазынасына қымбатқа түсетін. Себебі мазут бағасы басқаларға қарағанда шарықтап тұр. Шағын қаланың жылдық отын қорын жасау үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард тенгеден астам дотация бөлінетін. Жергілікті жылу орталығын көмірге ауыстыру мәселесі көп жылдан бері шешілмей келген.
«Арқалық қаласын жылумен жабдықтау жүйесі өзгереді. Жылу-энергетикалық орталығын мазут жағудан көмірге көшіру, сондай-ақ оның тиімділігін арттыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұған 7,7 млрд теңге бөлінді. Аталмыш жобада қазіргі жылу-энергетикалық орталығы аумағында көмір отынымен жұмыс істейтін 3 бу және 2 су жылыту қазандығы орнатылады. Бұған қоса жаңа қазандық салу қарастырылған», — деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов халық алдындағы есеп беру кездесуінде.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2020 жылдың желтоқсан айында басталады.