Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің жанындағы «Шаңырақ» жастар театры «Абай» спектаклін сахналады. Қойылым ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналды, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.
Қойылымның қоюшы режиссері әрі «Шаңырақ» жастар театрының жетекшісі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Айсауле Әбдешқызы Есенбекованың айтуынша, спектакльді дайындауға үш ай уақыт жұмсалған.
— Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Осыған орай «Абай» спектаклін қоюды жөн көрдік. Дайындық қазан айында басталып, желтоқсанда спектакль толық дайын болды. Алайда, студенттердің демалыс уақыты келіп қалып, шегере тұруға тура келді. Кейін студенттер демалыстан келген соң қорытынды дайындық жұмыстарын жүргізіп, қойылымды ақпан айына белгіледік. Спектакльді студенттер сахналағандықтан, шығарманы жастарға барынша икемдеуге тырыстым. Сондай-ақ, қойылымның тағы бір өзегі – қазақ халқы жік-жікке бөлінбей, біріміздің етегімізден біріміз тартпай тату-тәтті ғұмыр кешсін деген мағынаны жеткізу болды. Ұлы ақынның ойлары бүгін де өзекті және болашақта да маңыздылығын жоғалтпайды, — дейді «Шаңырақ» жастар театрының қоюшы-режиссері.
Абайдың рөлін ІІ курс студенті Жәнібек Сұлтанбек сомдады. Ал Ажардың рөлі І курс студенті Қарлығаш Сапарбекке бұйырды. Басты кейіпкерді сомдаушының айтуынша, Абай рөліне дайындық барысында барынша ізденіп, М.Әуезов театрында қойылған «Абай» спектаклінде Абай рөлін сомдаған белгілі актер Азамат Сатыбалдыдан барынша тәлім алуға тырысқан.