Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы және “Senim” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының ұйымдастыруымен медицина қызметкерлері арасында дәстүрлі облыстық шаңғы фестивалі өтті.
Фестивальдың ашылуында сөз сөйлеген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Д.Жандаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Жалпы, біздің өңірде шаңғы спорты жақсы дамып келеді. Саламатты өмір салтын насихаттап, шаңғы тебемін деушілердің де саны жылдан-жылға артуда. Тіпті, медицина қызметкерлері арасында да қысқы шаңғы фестивалін өткізіп отыру да дәстүрге айналды. Осы орайда, бүгінгі жарысты ұйымдастырушыларға да айтар алғысымыз зор, — деді Д.Жандаев.
Әр өңірден келген медицина саласының қызметкерлері сапқа тұрып, саламатты өмір салтын ұстанудың үлгісін көрсетті. Жарысқа барлығы алты команда қатысып, бағын сынады. Түрлі жас аралығындағы дәрігерлер қатысқан бұл дода биыл алтыншы рет өкізіліп жатқан көрінеді.