Қостанай қаласындағы Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында қуанышты жаңалық болды. Өткен аптада Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың қатысуымен жаңа репетициялық залдың ашылу салтанаты өтті.
Театр әртістері ризашылықтарын білдіріп, жаңа сахнада Абайдың әндерінен попури орындады. Сонымен қатар, театр директоры Әлімхан Мырзахан он қызметкерге алыстан дыбыс қабылдағыш құрылғысын табыстады.
«Бүгін Ілекеңнің атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында болашақта студия ашу мақсатында лабораториялық залдың ашылу салтанаты өтті. Бұл студияның мақсаты – актёр болғысы келетін жастарға жол көрсету, оқытып, қатарымызға қосу. Сондықтанда талантты жастарды қабылдауға дайынбыз. Ұжымның ауызбіршілігінің арқасында талай жетістікке жетумізге сенеміміз мол. Еске салып өтсек, биыл Қостанай облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен қарашаңырағымыздың 20 жылдық мерейтойына дайындықты бастап кеттік», — деп атап өтті театрдың жаңа басшысы белгілі актер Әлімхан Мырзахан.
Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов салтанатты шарада әртістерге табыс тіледі.