Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Түйеден табыс тапқан

13 марта 2020 11:00 • 636 просмотров

ERG компаниясының өкілдері Қостанай облысындағы «Атамекен» ҰКП облыстық филиалы ұйымдастырған ауылшаруашылық көрмесімен танысты. Оларға өңірдегі ауыл шарашылық өнімдерін өндірушілердің жұмысы көрсетілді.

Еуразиялық Топ Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және облыс әкімдігімен бірлескен үш жақты келісім-шартқа сәйкес жылма-жыл белгілі бір сомада қаржы бөліп отырады. Мәселен, 2016 жылы қол қойылған Меморандумға сәйкес «Атамекен-Қостанай» шағын қаржылық ұйымы» ЖШС құрылған еді. Яғни, осы ұйым арқылы аудандар мен моноқалалардағы бизнес субьектілері қаржыландырылады.

Көрмеде тиісті қаражатқа қол жеткізген жиырмаға тарта бизнес өкілі меймандарға өз кәсіптерін қалай дөңгелентіп отырғанын баяндап берді. Шағын несие алғандардың дені ауылшаруашылық саласын дамытуға үлес қосып келеді. Арасында шұбат өндірісін, тігін цехын, бал өндірісін, тауарлы-сүт фермасын қолға алғандар бар.

Мәселен, рудныйлық Алмат Нұрмаханов 2016 жылы «Бастау-кеңесші» қысқа мерзімді курсында білімін жетілдіріп, сол арқылы 4 млн, екі жылдасын 5 млн 100 мың теңге несие алды. Кәсіпкер бұл қаржыға түйе, құрылыс материалдарын, жем-шөп, өнім сақтайтын тоңазытқыш сатып алды. Бүгінде Алматтың кәсіпорыны облыстан тысқары жерлерге кеңінен танымал. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Eurazian Resources Group Директорлар кеңесінің төрағасы А.Машкевич мемлекет қолдауына ие болған кәсіп иелеріне табыс тіледі.

-Мен Өзбекстанның Үшқұдық деген қазақ ауылында туып-өстім. Ол жақ шөлейт жер. Басты кәсіп – түйе шаруашылығы. Тек 2003 жылы Рудныйға қоныс аудардым. Мамандығым – агроном. Ерте жастан малға жақын өстік. Үнемі аңсарым ауып тұрғасын қалада ұзақ тұрақтамай, іргедегі Юбилейныйға көшіп келдік. Біраз жыл Соколов-Сарыбай кен байыту орнында еңбек еттім. Ойлана келе, жеке кәсіпке бет бұрғанды жөн санадым. Қарасам, Қостанай төңірегінде мұндай кәсіпті дөңгелетіп жүрген ешкім жоқ. Оның үстіне, бала күнімнен түйе көріп өскесін жай-күйін жақсы білемін. Содан, 2016 жылы Қостанайдағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Бизнес кеңесші» курсынан өтіп, 4 млн теңге көлемінде3 жылға есептеп шағын несие алдым. Сол жылы берілген қаржыға Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылынан бір аталық, төрт аналық түйе әкелдім. Қалған ақшаға қора-қопсы салдық. Несие алғасын алты ай сенен ақша сұрамайды. Яғни, бастаған кәсібіміз айналымға шыққасын ғана төлеуге рұқсат етеді. Мемлекеттік бағдараламының бір тиімді тұсы осы. Қазір ай сайын 120 мың теңгеден төлеп тұрамын,-дейді түйеші Алмат.