Нұр-Сұлтан қаласында шекаралас аумақтарда шегіртке тектес зиянкестермен және басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күресу мәселелері бойынша ҚР және РФ Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының жыл сайын өтетін халықаралық кеңесі өтті.
Қос тарап 2019 жылы жүргізілген іс-шаралар, шекаралас аумақтардағы шегіртке зиянкестерінің дамуы мен таралуы, ауыл шаруашылығы зиянкестерімен және аурулармен күресу іс-шаралар туралы ақпаратпен алмасты. Сондай-ақ, осы бағытта өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
РФ делегациясын бастап келген «Россельхозцентр» ФМБМ директоры Александра Малько, 2019 жылы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы екі елдің жүргізген бірлескен іс-шаралардың арқасында шекаралас аудандарда ауыл шаруашылығы дақылдары егістіктерінің зақымдануы, сондай-ақ шегірткелердің көршілес елдердің шекара аумағына көшіп-қонуы болмағандығын атап өтті.
Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комиетінің төрағасы Алмабек Марс 2020 жылы жоспарланған іс-шаралар туралы кеңінен айтып берді.
Оның айтуынша, 2020 жылы шегіртке тектес зиянкестер 554 мың гектар алқапта таралуы мүмкін деп күтілуде. Шегірткеге қарсы күрес үшін республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген. Аталған қаражат барлық болжамдалған алқапқа пестицидтерді және химиялық өңдеуді сатып алуға мүмкіндік береді.