Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Арзан баға алаңы

20 марта 2020 14:00 • 513 просмотров

Сенбілік сауда алаңына шығарылған азық-түліктің бағасы нарықтағыдан едәуір төмен. Ең бастысы, мұнда тұтынушы өнімді ешбір делдалсыз, тікелей тауар өндірушінің қолынан сатып алады.

Мысалы, қазір картоп пен сәбіздің көк базардағы құны 100 теңгеге жетеқабыл болса,  арзандатылған жәрмеңкедегі бағасы – 70-75 теңге. Федоров ауданы шығаратын бес литрлік тазартылмаған табиғи сұйық май  — 1 650, жергілікті «Жас қанаттың» жұмыртқасы  — 23 теңге. Шалғай аудандардан жеткізілген ет бағасы да әжептәуір арзан.

Жәрмеңкеде облыстың тұрақтандыру қорынан бөлінген арзан азық-түлік автосөрелерінің алдында ұзын-сонар кезек күткендер көп болды. Тауар арзан болғандықтан, сауда көліктерінің көбі айналасы бір-бір жарым сағаттың ішінде  босап қалып жатты.

Қапшықтап қант, сөмкелеп ет, сеткілеп сәбіз тасыған ығы-жығы халықтың ортасына облыс әкімі арнайы келіп, сауда қатарларын аралап, сатушылармен, тұрғындармен тілдесіп көрді. 

– Наурыз мерекесі қарсаңында біз осымен 66-шы рет жәрмеңке ұйымдастырып отырмыз. 120 тоннадай азық-түлік әкелдік. Оның 45 тоннасы тұрақтандыру қорынан бөлініп отыр. Қазір біз бағаны жіті бақылауда ұстап отырмыз. Барлық ірі сауда орталықтарында, көтерме сауда қоймаларында  азық-түлік жеткілікті. Облыста қазір бір жарым-екі айға жететін азық-түлік бар. Ұн мен макарон бір жылға дейін жетеді. Біз облыстағы 70 диірменге мониторинг жасап, келіссөздер жүргізіп, оларға қосымша шикізат қорын қамдау туралы тапсырма бердік. Қазір диірмендер көршілес өңірлер мен Ресейдің шекаралас аймақтарынан қосымша бидай сатып ала бастады. Ең бастысы, облыс тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар ұн, макарон, ет, сұйық май, көкөніс сияқты 19 түрлі азық-түлікпен жеткілікті түрде қамтамасыз етіп отырмыз. Облыстың тұрақтандыру қорында шамамен 1 млрд 300 мың теңге қаржы тұр. Сондықтан тұрғындарды азық-түлікпен ұзақ мерзімге еркін қамтамасыз ете аламыз, — деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.