Ерте көктемде алқап жұмыстарының алдында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын халықаралық көрмеде облыс ауылшаруашылық техникаларының соңғы жетістіктері мен заманауи дән сепкіш кешендер облыс диқандарының назарына ұсынылды.
Шараға Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Петропавл қалаларындағы ауылшаруашылық техникаларын сатумен айналысатын делдал компаниялармен қатар, Ресейдің техника шығаратын кәсіпорындарынан өкілдер келді. Әр компания көпшілікке өздерінің ең соңғы үлгідегі заманауи техникаларын таныстырып, артық тұстарын түсіндіріп бақты.
– Біз Қостанайда өтетін көрмеге бірінші рет қатысып отырған жоқпыз. Биыл RSM 2375 тракторын әкелдік. Көкшетауда құрастырылған. Бұл техникада мың аттың күші бар. Бәгіне 927 литр жанармай сыйып кетеді, — дейді «Ростельмаш» компаниясының менеждері Асқар Молдағалиев.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеутай Ержанов «АгроҚостанай-2020» атауымен өтіп жатқан бұл көрменің өңірдегі тауар өндірушілер үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Бүгін ондаған кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерімен бөлісіп отыр. Бұл – егінмен, мал шаруашылығымен айналысатын қостанайлықтар үшін орасан мүмкіндік, — деді ол.