Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану музейі жергілікті автобус паркінің қолдауымен Жеңістің 75 жылдығына арналған ерекше акцияны қолға алды.
Облыс орталығында жүретін №18 автобустың екінші қабатына «Жеңіске жол» тақырыбын қамтитын экспонаттар қойылып, музей қызметкерлері жолаушыларға әр жәдігердің тарихын, қаһарман қостанайлықтардың майдандағы ерлігін баян етеді. Тарихи-танымдық мәні зор экспозиция қала көшелерін айына бір рет мамырдың соңына дейін аралайды.
Осымен екінші рет жолға шыққан көлік-музей жолаушыларға қостанайлық майдангерлердің туыс-туғандарына жазған сағынышқа толы хаттарының көшірмелерін үлестіріп, тарихын әңгімеледі. Бүгінде сарғайып, жазуы көмескі тарта бастаған майдан хаттары Отанға, туған жер мен ата-анаға, бауыр-қарындасқа деген ыстық сүйіспеншілікке толы. Үшкіл хаттарда «мен тірімін» немесе «ұрысқа кіргелі тұрмыз» деген тіркестер жиі кездеседі. Әсіресе қаһарман ұшқыш Иван Павловтың Шығыс Пруссиядан жазған хаты ерекше әсер қалдырады. Майдангер 2 бет қағазды ата-анасы мен бауырының, елдің жағдайын сұраумен толтырған. Хат соңында «Мен Кеңес Одағының Батыры атағын 2-ші мәрте алдым», деп қысқа ғана қайырады.
1942 жылы соғысқа Меңдіғара ауданынан аттанған Юрий Гвоздевтің хаты да ерекше.
– Ол өзінің бір хатында соғыс аяқталған соң теңіз училищесіне оқуға түскісі келетінін баяндаған. Бірақ, өкінішке қарай, соғыста қаза тауып, арманы орындалмай қалды. Музей қорында Юрий Гвоздевтің қарулас достарының майдангердің інісіне жазған қаралы хат бар, – дейді мұражайдың бөлім меңгерушісі Бақытгүл Мұратбекова.
Өлкетану музейінің қорында майданнан келген 100-ге жуық хат сақталған. Өлеңмен жазылған хаттар да кездеседі. Оларды толқымай оқу мүмкін емес. От пен оқтың ортасында қаза тапқан жауынгерлердің жүрек тұсындағы қойын қалтасынан шыққан хаттар бүгінде мұражай қорының құнды жәдігеріне айналған.