Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов облыстағы бірқатар ауданға жұмыс сапарымен барып, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты және көктемгі тасқын жұмыстарына дайындықтарын бақылады.
Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов әуелі Әулиекөл ауданы Аманқарағай ауылында 320 орындық мемлекеттік тілде оқытатын жалпы білім беретін орта мектеп құрылысының барысын қарап шықты. Жобаның жалпы сомасы 1,1 млрд теңгені құрайды, оны 2020 жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарлануда.
-Бірінші кезекте, мектептің сапасы жақсы болуы керек, жылы болуы керек. Балалардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалсын. Ауданы әкімінің назарына тапсырамын,-деді облыс басшысы Архимед Бегежанұлы.
Сонымен қатар, Әулиекөл ауданындағы су тасқыны кезеңіне дайындық барысымен таныстым. Аудан әкімі Ерлан Теменов елді мекендерді және су өткізу құбырларын қардан тазалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. -Бүгін бірнеше ауданға тасқын судың қаупі төніп тұр. Деген алдын алуға жұмыс істеп жатырмыз. Құтқарушылар сақадай сай. Тасқын судың бағытын өзгертіп немесе тежеуге қауқарымыз жетеді. Бірақ сақтықта қорлық жоқ, күндіз-түні сақ отырған жөн,-деді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.