Қазіргі таңда тұрғындар үшін медициналық бетперделер, антисептикалық зарарсындандыру ерітінділері ең тапшы дүниеге айналды. Ал Қостанайдағы бірнеше кәсіпорын сақтық және тазалық шаралары мақсатында халық денсаулығына қажетті тұмылдырық, спирт сұйықтықтықтарын өндіре бастады, деп хабарлайды «Қостанай таңы».
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аталған өндіріс орындарын аралап, шығарылып жатқан тауарлармен танысты. Қостанайдағы спирт өндіретін «ALPHA-2050» серіктестігі дезинфекциялық сұйықтық жасауға көшпек ниетте. Аймақ басшысы кәсіпорын басшылығына қажетті сертификатты алып, жұмысты бастауды тапсырды. Өңір басшысының келесі барған нысаны – «Большевичка» өндірістік кооперативінің тігін шеберханасы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, тігін фабрикасы күніне 10 мың медициналық маскалар тігуге кіріскен. Жергілікті кәсіпорынның бетперделерін жуып-тазалап, бірнеше рет пайдалануға болады. Облыс әкімі өнім сапасын тексерді. Маскалар дәріханалық желілер арқылы халыққа жетеді. Бұған қоса мұнда емдеу мекемелеріне қажетті, ғимараттарды, көліктерді, учаскелерді зарарсыздандыруға арналған індеттен қорғану костюмдері тігіліп жатыр.
«Большевичка» осы арнайы киімнің ресми дилері атанғанын айта кету керек. Елдегі коронавирустың таралуына байланысты «Азурит» — ӨСФ» ЖШС де тәулігіне 2 мың маска тігуді қолға алған. 48 жұмысшы еңбек етіпжатқан өндірістік-сауда фирмасының медициналық бетперделерін бюджет қызметкерлері, полицейлермен қатар, жеке адамдар сатып алуда.
Аймақ басшысы Архимед Мұахмбетов жұмыс сапарының қорытындысында медициналық маскалар, киімдер, қорғаныш құралдары ең алдымен эпидемиологтар, дәрігерлерге жеткілікті болуын тапсырды.