Әлемді дүрліктірген коронавирус індеті біздің елімізде де тіркелді. Осыған байланысты наурыздың 16-сынан сәуірдің 15-не дейін елімізде төтенше жағдай жарияланып, сақтық шаралары барынша күшейтілді. Оқушылардың көктемгі демалысы да мерзімінен бұрын басталып, сабақтар тоқтатылды. 16 наурыздан бастап кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындары да қашықтықтан оқуға көшті. Бұл туралы бүгін коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы В.Цымбалюк айтып берді.
Басқарма басшысының сөзінше, балабақшалар штаттық режимде жұмыс істей береді. Дегенмен, инфекцияның алдын алу және жол бермеу бойынша жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілетін болады. Карантин кезінде басшылар мен медицина қызметкерлері күн сайын вирусты инфекцияның алдын алу үшін тәрбиеленушілерді тексерістен өткізіп отырады. 17 наурыздағы жағдай бойынша бүгінде өңірдегі 187 балабақшада тәрбиеленіп жатқан 23 163 бүлдіршіннің 9354-і, яғни 40 пайызы ғана мектепке дейінгі ұйымдарға барады, ал 60 пайызы үйде. Сондықтан, коронавирустың алдын алу іс-шарасы негізінде баланың балабақшаға келмеген күндеріне ата-аналардың жазбаша өтінішін негізге ала отырып, қайта есептеу жүргізілетін болады. Әрі баланың орны сақталып қалады.
-Егер ата-аналардың бәрі балаларын балабақшаға әкелуді тоқтатса, онда әрине жұмыс істеудің қисыны болмайды. Бірақ, әзірге олар штаттық режимде жұмыс істейді. 16 наурыздан бастап барлық мектептерде сабақ тоқтатылып, оқушылар көктемгі демалысқа мерзімінен бұрын шықты. Демалыс 5 сәуірге дейін жалғасады. Ұзартылған уақыт балалардың жазғы демалысына әсер етпейді. Көктемгі демалысты әріқарай ұзарту туралы нұсқау болған жоқ, сондықтан негізсіз қауесеттерге сенбеген дұрыс. Егер 5 сәуірден кейін қажеттілік болған жағдайда оқушылар қашықтықтан оқуға көшеді. Ал, мұғалімдер каникул кезінде үйде болып, қашықтықтан жұмыс жасауға болады. Осы кезеңде оларға жалақы төленеді. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстары да ойнлайн форматта өтеді. Сонымен қатар, 11- сынып оқушылары үшін наурыз айында жоспарлаған ақылы ҰБТ-ның мерзімі өзгертіледі, бірақ қай кезде екендігі әлі жарияланған жоқ. Жалпы, сұрақтар туындаған жағдайда білім бөлімінің 53-60-20 телефоны мен психологиялық қолдаудың кезекші бөліміне (37-08-58) хабарласуға болады, — дейді В.Цымбалюк.