Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 16 наурыз мен 15 сәуір аралығында ел аумағында төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты медициналық мекемелерде ақ халаттылардың да жұмысы қауырт болып тұр. Осыған орай, қостанайлық еріктілер дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге өз үлестерін қосуда. Волонтерлердің басын қосушы – облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы осы жастар басқармасындағы әріптестеріне еріктілерді жинап беруге көмек сұрапты. Бастаманы ішкі саясат басқармасы, жастар ресурстық орталығы, «ГрИн» азаматтық альянсы бірден қолдап әкетті.
— Бұл хабарламаны дереу әлеуметтік желіге, месенджерлерге тараттық. Бас-аяғы үш сағаттың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері, үй шаруасындағы азаматтар шақыруымызға бей-жай қарамай, жиналып келіп отыр. Мемлекет басшысының қашықтықтан жұмыс істеуге берген рұқсатынан кейін бірқатар әріптестеріміздің қолы босап жатыр. Менің ойымша алдағы уақытта еріктілер қатары толыға түседі деген сенімдемін, — деді облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Марат Жұрқабаев.
Бұл жолғы волонтерлердің мойнына жүктелген науқан – облыс орталығындағы жүріп-тұруы қиын егде адамдар мен мүгедектердің үйіне мемлекеттен тегін берілетін дәрі-дәрмектерді жеткізіп беру.
Қостанайдағы №4 емханада жиналған еріктілер ем-дом алып, мекенжайларға қарай шыға бастады. Емхана қызметкерлері волонтерлердің өздерін медициналық маскалар мен қолғаптар, залалсыздандырғыш антисептикмен қамтамасыз етуде. Әр барған үйінен рецепт бланкісінің келесі бетіне қабылдап алушының қолын қойдырып алуы шарт. Тіпті, олармен естелік суретке де түсуге болады. №4 емхананың бас дәрігері Маргарита Бисенова қайырымды іс жасауға ниеттеніп келген барша қыз-жігіттерге алғысын білдірді.