Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мектепте оқуға мүмкіндік бар

Қостанай облысының 7414 оқушысы әдеттегі режимде білім алады. Бұл туралы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында айтты.

Оқу жылының төртінші тоқсаны 6 сәуірден басталып, 22 мамырға дейін жалғасады. Елімізде коронавирустық инфекциядан қорғану шараларын күшейту үшін төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты оқушылардың барлығы қашықтан оқытуға көшеді. Алайда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 26 наурыздағы отырыс шешімімен аудан орталықтарынан алыс орналасқан 80 адамға дейінгі оқушысы бар шалғай ауыл мектептері санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейте отырып, әдеттегі режимде оқитын болады.

«Облыста мұндай мектептердің саны – 224, онда 7414 оқушы білім алады. Осы мектептерде оқыту балалар легін бөле отырып, екі ауысымда және әрбір сабақтан кейін үй-жайларды желдету және дезинфекциялау режимін қатаң сақтай отырып, ауысым арасындағы кемінде бір жарым сағаттық үзіліспен ұйымдастырылады. Мектептерде маска кию енгізіліп, медициналық бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде осындай мектептердің директорлары қашықтан оқыту түріне көшуге дайын болулары тиіс», – деді басқарма басшысы.

Мектепте интернет мүлдем болмаған жағдайда қашықтықтан оқыту офлайн форматында құрылады, онда сабаққа роликтер мен презентациялар, тапсырмалар белгіленген мерзімге санитарлық нормаларды сақтай отырып, флеш-тасығыштарда берілуі мүмкін.

«Қазірдің өзінде отбасында бір ғана компьютер, мектеп жасындағы бірнеше баласы бар ата-аналардан сұрақтар келіп түсуде. Бұл мәселені оқу тоқсанының басталуына дейін мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшісіне хабарлау қажет. Мәселе жеке шешіледі. Екіншіден, смартфондарды қоса алғанда, түрлі электрондық құрылғылар арқылы және әртүрлі байланыс түрлерін, оның ішінде флеш-жинақтауыштарды пайдалана отырып, қашықтықтан оқыту ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта 4 мыңға жуық оқушыға компьютерлер қажет, 4,5 мыңға жуық оқушы интернет желісіне қол жеткізе алмайды. Бірақ бұл мәселе қазір шешілуде. Қашықтан оқытуға қажетті жағдай жасау және жұмыс орындарын жабдықтау мақсатында 5 мыңнан астам мектептің компьютерлік техникасы білім беру ұйымдарынан педагогтер мен оқушыларға, соның ішінде алдымен әлеуметтік аз қамтылған балаларға қайтарымды негізде беріледі. Сонымен қатар, отбасыларға уақытша пайдалануға беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1759 компьютер сатып алуға 300 млн теңге бөлінді», – деді В.Цымбалюк.

Ал колледж студенттері үшін қашықтан білім алу оқу жылының соңына дейін, яғни 30 маусымға дейін жалғасады. Олар үшін кәсіби практика келесі академиялық кезеңге ауыстырылмақ. Диплом жобаларын онлайн форматта қорғайды. Сұрақ қоып, кеңес алу үшін облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиясына 39-64-16 телефоны бойынша хабарласуға болады.