Еліміздегі төтенше жағдай кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайырымдылық жасауды қолға алды. Аталмыш іс-шара Қостанай қаласында да жалғасын тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республикалық «Жүрек жылуы» акциясы бастау алған еді. Карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына өңірдегі мешіттердің жамағаты, жанашыр демеушілердің көмегімен 350 отбасыға медициналық бетперде, азық-түлік қоры жөнелтілді.
Бұған біздің облыс та өз үлесін қосты. #BizBirgemiz қайырымдылық акциясы аясында облыстық мешіттің бастамасымен кезекті рет Қостанайдағы тұрмысы төмен, көп балалы 100 отбасыға азық-түлік таратылды.
— Төтенше жағдай режимі басталғалы, облысымыздың барлық аудан-қала мешіттері тарапынан осымен 600 отбасыға тамақ және 2740 медициналық бетперде таратылып берілді. Айта кету керек, тігін цехтарына 30 мың бетпердеге тапсырыс жасағанбыз, дайын болғандарын таратып жатырмыз. Бұл науқан шектеу мерзімі аяқталғанша жалғасатын болады,- дейді Қостанай облысының бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет.