«Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет» деген Мемлекет басшысының сөзінен кейін әліпбиді жетілдіру жұмыстары жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде әліпбидің жетілдірілген үш нұсқасы ұсынылып, республикалық ашық талқылаудан өтті.
Ұсынылған әліпбилерде «ч» әрпі кездеспейді. Мұның себебін ғалымдар «ч» дыбысының қазақ тілінің төл сөздерінде кездеспеуімен түсіндіреді. Мысалы, «чемодан – шабадан», «чемпион – шемпион» немесе «жеңімпаз». Егер қандай да бір дыбыстың төл сөздерімізде кездеспеуі сол дыбысты әліпбиден алып тастауға негіз болса, онда в, ф дыбыстарын да ығыстырып «Евразияны – Еуразия», «фәниді – пәни» деп айтып, жазып осы заңдылықты жалғастыра түссек, тіл табиғатынан алыстамаймыз деп ойлаймын.
Әліпбидің бекітілген соңғы нұсқасындағы Ш дыбысына Sh (диграф) күрделі әрпі ұсынылған. Аталған дыбыстың қолданылу жиілігі жоғары, Ш-ның қос таңбадан тұруы сөздің шұбалаңқылығына, оны оқу уақытының созылып кетуіне әкеп соқтырады, мұндай тиімсіз тұстарды сарапшылар БАҚ-та талай айтқан болатын.
Соңғы әліпби жобасында Ш әрпіне ұсынылған қосар таңбаның орнына «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымына қайшы келмейтін Ş (седиль) таңбасының орны бөлек. Оған «S»таңбасына қойылған седиль диакритикасы түркі дүниесіндегі түрік, әзірбайжан, түркімен халықтарының жазуында тиімді қолданылып келе жатқаны дәлел бола алады. Мәселен, түрік тілінде şarkici (әнші), şüphe (шүбә) şehir (қала); әзірбайжан тілінде nəşr (басылым), şəklin (сурет), şіş (ісік); түркімен тілінде bäş (бес), şenbe (сенбі), şäher (қала). Берілген мысалдарда әріпасты седилдің көзшалымға қолайлығын, екіншіден, әріпасты бір ғана таңба болатындығын ескерген жөн.
Бұл ретте Ахмет Байтұрсынұлының «әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертеді» деген сөзін әсте естен шығармаған дұрыс.
Тағы бір дау туғызып, өз шешімін таппай жүрген «і» мен «и,й» әріптерінің таңбалануы. Ұсынылған жобадағы «і» дыбысының үйреншікті «і» таңбасымен емес, нүктесіз берілуі, керісінше «и, й» дыбыстарын «і» әріптерімен белгілеу бұл дыбыстардың практикалық жағын әлі де қарастыруды қажет етеді. Себебі көз шалым мен қол шалымға әсер етіп, жазарманды да, оқырманды да шатастыруы мүмкін.
Әліпби басқа ұлттар үшін емес, әліпбиі реформаланып жатқан ұлттың игілігі үшін, сол ұлттың мүддесіне қызмет ету үшін жасалады. Әліпбиді басқа ұлттың санасына бейімдеп, олардың дұрыс қабылдап, оқуы үшін жасау міндетті емес. Ағылшын тілі үндіеуропа тілдерінің қатарына жатса, ал үндіеуропа тілдерінің қатарына жатпайтын, алтай тілдерінің тобы, оның ішінде, түркі тілдерінің қатарындағы қазақ тілінің лингвистикалық табиғаты бөлек болып келеді. Сондықтан да табиғаты бөлек екі тілдің біреуін екіншісіне икемдеуге еш негіз жоқ деп ойлаймыз.
«Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз» деген Президентіміздің сөзін ескере отырып, ендігі ой-пікірлерді тіл мамандарының еншісіне қалдырамыз.
Нұрбекова Айнұр
«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері
Гуманитарлық ғылымдар магистрі