Жуырда өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Қостанай облысындағы бидай тұқымына мұқтаж шағын шаруашылықтарға «Кең дала» бағдарламасы бойынша 17 млрд теңге жеңілдетілген несие берілетінін, бұл несиені бірінші кезекте шағын және орта шаруашылықтар алатынын айта келіп, жергілікті әкімдерге, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастарын реттейтін басқармаларға шағын және орта шаруа қожалықтарды қолдауды ерекше назарға алу керегін нықтап тапсырды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті хабарлайды.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұахмбетовтің айтуынша, бүгінге дейін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша шаруашылықтар ұсынған 39 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 12 млрд теңге жеңілдетілген несие берілген. Таяуда 12 жобаға тағы 4,5 млрд теңге қаржы бөлінбек.
Президент пәрменінің жергілікті жерлерде қалай орындалып жатқанын білмек болып, былтырғы қуаңшылықтан қатты зардап шеккен Науырзым ауданына хабарластық.
– Аграрлық несие корпорациясы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 5 пайыздық несие беретін болды. Бірақ кепілдіксіз ештеме берілмейді. Бұрын банктер кепілдікке жер алмаушы еді, қазір алатын болды. Диқандар үшін бұл да үлкен қолдау. Қазір диқандар құжаттарын жинастырып жатыр. Бүгінге дейін «Буревестниктен» 3, «Раздольныйдан» 3 диқан – жалпы саны 10-15 шақты адам құжаттарын тапсырды. Алдағы күндері алып қалар, – деді аудан әкімінің орынбасары Қабидолла Омаров.
Диқандарға да телефон шалдық. Өлеңді ауылындағы «Богдан» шаруа қожалығының иесі Дмитрий Исаев Президент бөлген 70 млрд теңгеден бір тиын да ала алмайтынын айтты. Өйткені диқан былтыр көктемгі дән сіңіру жұмыстарына 15 миллион теңге алған. Бірақ бидайы түгелдей күйіп кетіп, мемлекетке 17 млн теңге берешек болып қалған.
– Былтыр 1000 гектар бидай, 300 гектар арпа ектік. Қуаңшылық ұрып, алқапты сол күйі тастап кеттік. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша абердин-ангус тұқымды 80 бас ірі қара алғанмын. Құны – 31 млн 250 мың теңге. Бүкіл жерімді, бар мүлкімді кепілдікке салдым. Енді несиеге қоятын кепілдігім жоқ. Қазір доллар өсіп кетті. Коронавирус тағы қысып жатыр. Ел алдын болжай алмай тұр. Бармаған жерім, баспаған тауым қалған жоқ, ешкім қарыз бермейді. Жағдайымыз өте қиын. Таяу күндері техниканы жөндеуден өткізіп, сәуірдің ортасына таман жер дегдісе алқапқа шығуымыз керек. Ылғалды дер кезінде жауып үлгермесек, жер тағы кеуіп кетеді, – деді диқан.
Бұл «Богдан» шаруашылығының басындағы ғана жағдай емес. Қамысты, Жітіқара, Науырзым аудандарының ұсақ шаруашылықтарының көбінде банкке беретін кепілдік жоқ. Диқандардың көбі Президент айтқан жеңілдетілген несиені кім, қашан, қалай беретінін білмейді.
– Былтыр 800 гектар бидай ектім. Бірақ жинаған жоқпыз, тастап кеттік. Қолымызда жинау тиімсіз деген анықтама бар. Ауданнан комиссия шығып, көзімен көріп кеткен. Қазір тұқым таба алмай жатырмыз. Маған көтемгі егін жұмыстарына 10 млн теңгедей керек. Ал Президент айтқан несие туралы әлі ешкім ештеңе деп жатқан жоқ. «Атамекен» де, Аграрлық несие корпорациясы да жабық. Мен күні бойы іздестіріп, ешкімнен ештеме таба алмадым, – деді Өлеңді ауылының диқаны Арнұр Бекмағамбетов.
Өңір басшысы «Таяу күндері ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілетін несие көлемі кеңейтілуі тиіс. Бұл туралы біз бірден ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының басшыларын хабардар етеміз», деген еді. Бәлкім, әлі жетпей жатқан болар.
Облыста жеңілдетілген несиеге мұқтаж 6 700 шаруашылық бар.