Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде Отан соғысының қаһарманы, Кеңес одағының батыры Сейітхан Темірбаевтың өмірі мен майдандағы ерлігі туралы мол материал қаттаулы. Батырдың көзі тірісінде тұтынған жеке заттары да бүгінде музейдің құнды жәдігеріне айналған. Бұл құжаттардың әрқайсында отты жылдардың ізі, тарихтың сәулесі қалған.
Сейітхан Нұрмұханбетұлы Темірбаев 1941 жылдың желтоқсан айында 101-қазақ кавалерия дивизиясының құрамына алынып, Харьков түбіндегі ұрыста майдан жолын бастайды. 1942 жылдың 13 мамырында Оңтүстік-Батыс майданда ауыр жараланған қазақ солдаты жарақатынан толық айығып кете қоймаса да, сол жылы маусым айында госпитальден шығып, қаруластарының қатарына оралады.
1942 жылы Сталинград үшін болған шайқаста ерлігімен көзге түскен Сейітхан Темірбаев кейін кіші лейтенанттар курсына жіберіледі. Курсты аяқтаған соң, атқыштар взводының командирі етіп тағайындалған жас офицер 1944 жылы 230-атқыштар дивизиясының құрамындағы рота командирі болып тағайындалады.
Ол Донбасс, Николаев, Одесса облыстарын, Одер өзенін алуға қатысты. 1944 жылдың тамызында Молдавияны азат етті. Молдавия аумағында болған қиян-кескі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін лейтенант Темірбаевқа І дәрежелі Отан соғысы ордені берілді.
Үнемі алдыңғы шептен табылған Сейітхан Темірбаев соғыс жылдары 5 мәрте жараланады. Бірақ батырды жаудың жауып тұрған оғы мен снаряд жарықшақтары жыға алмайды. Әр жарақатынан кейін қаруаластарының қатарына қайта қосылып отырған ол өзін өжет және батыл офицер ретінде көрсете білді. Польшаны азат етуде және Германия жеріндегі шайқастарда Темірбаев 990-атқыштар полкінің 2-ротасын басқарды. 1945 жылдың 2 ақпанында Одер өзенінің сол жағалауындағы плацдармды ұстап тұру үшін өз ротасымен жаудың 7 жойқын шабуылын тойтарды. Аға лейтенант жауынгерлерге неміс солдаттарын 150 метрге дейін жақындатып алып, қолдағы бар қарумен оқ жаудыртуды бұйырады. Осылайша 40 фашистің көзі жойылып, қалғандары кейін шегінеді. Әскер күшін еселеп алған дұшпан келесі шабуылға 11 танктің көмегімен шығады. Бірақ Темірбаевтың шебін бұза алмайды. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін 1945 жылдың 7 ақпанында аға лейтенант Сейітхан Темірбаев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Бірақ белгісіз себептермен омырауына «Қызыл Ту» ордені тағылады.
Кейін Сейңтхан Темірбаев Берлин үшін шайқаста айрықша көзге түсті. 230-атқыштар дивизиясының бөлімшесі 6 тәулік бойы қиян-кескі ұрыс сала жүріп, қала орталығындағы Ландвер каналын алған-ды. Содан кейін алға жылжу мүмкін болмай қалады. Мәрмәр қабырғалар, қираған көпірді қалқан еткен неміс әскерлері толассыз оқ жаудырып, табандап тұрып алады.
1945 жылдың 25 сәуірі күні капитан Темірбаевтың ротасы көпірді басып алып, арғы бетке бірінші өтіп, бекініп, полктің басқа бөлімшелерінің және бронетехниканың Герлицер-штрассеге қарай алға жылжуына жағдай жасайды. Осылайша Берлин орталығына, Рейхсканцелярияға жол ашылады. Темірбаевтың ротасы әрі қарай Ландвер каналын алып, 11 кварталды жаудан тазартады. Ал 29 сәуірге қараған түні Рейхстагқа жақын маңда ұрыс бастап, Монета сарайына шабуылдаған капитан Темірбаев 990-атқыштар полкінің алға жылжуына жол ашып береді. Ал 2 мамыр күні Суворов және Богдан Хмельницкий орденді 990 атқыштар Сталинград полкінің жауынгерлік туы өзге де әскери құрылымдардың туымен бірге Рейхстагтың үстінде желбірейді.
Неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте бас штабтың әскери тапсырмаларын айрықша орындауда көрсеткен асқан ерлігі мен батылдығы үшін капитан Темірбаев Сейітхан Нұрмұханбетұлына КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі тапсырылды.
Қатардағы жауынгерден капитан шеніне дейін көтеріліп, атқыштар ротасын басқарған қостанайлық қаһарман соғысты Берлинде аяқтады.
Сейітхан Темірбаев 1983 жылдың 15 маусымында дүниеден өтті. Батырдың есімі мәңгілік халық жүрегінде сақтала бермек.
Биылғы жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллиондай адамын жалмаған сұрапылда Қазақстаннан да көптеген жауынгерлер жауға қарсы жан аямай шайқасты. Осынау соғыста бүкіл КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгерлер, командирлер, қолбасшылар, партизандар, қарапайым халық өкілдері осы елдегі 1934 жылы белгіленген ең жоғарғы құрмет – Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Солардың қатарында оған ие болған қазақ ұлтының азаматтары 103 болып отыр.
Аталмыш көрсеткіш бұрынғы деректерде, тіпті тарих оқулықтарының беттерінде бірде 95 немесе 97, енді бірде 98 болып беріліп келген болатын. Міне, соны нақтылай түсу мақсатымен көптеген анықтамалық кітаптардағы 12 мыңнан астам батырдың өмірбаяндарын сүзе қарап, қазақ азаматтарын зерделей іздеуге тура келді. Өзбектер иеленіп кеткен айтулы қазақтар: генерал-майор Сабыр Рахимов пен бөлімше командирі Расул Есетов осы санатқа қосылды. Дәлірек айтқанда, соғыс кезеңінде бұл атақ 100 адамға нақты берілсе, 1946 жылы оны Сұрағанов Құдайберген, 1965 жылы генерал Рахимов Сабыр, ал 1990 жылы Момышұлы Бауыржан алды. Бұл таза ұрыс алаңында барлығы 103 қазақ осы жоғары атаққа ие болды деген сөз. Кейін, яғни бейбіт кезеңде оған қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Ауған соғысының қаһарманы Қайырболат Майданов қосылды. Соңғы азамат кейіннен Чешенстандағы қантөгісте Ресей Батыры атағын да иеленді. Өкінішке қарай, 2000 жылы оның тікұшағы атып түсіріліп, өзі қазаға ұшырады. Бұлардан тыс 90-шы жылдардың соңында кеш те болса Ресей Батыры атағын Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ұшқыш-радист жетісулық Бақтыораз Бейсекбаев та алды.
Бұл деректер осыдан 30-40 жылдай бұрын шыққан көп томдық «Герой Советского Союза», «Қазақстандық Совет Одағының Батырлары», «Қазақ Совет Энциклопедиясы» кітаптары негізінде қорытылғандықтан, олардың өмірбаяндық деректері сол кезге сәйкес келеді. Қазіргі таңда соғыстан тірі оралған батырлардың дені өмірден өтіп кеткендігін қаперде ұстаған жөн. Соңғы шыққан «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясында батырлар ішінара қамтылыпты. Атап айтқанда, жалпы тізім түрінде берілген. Бірақ олардың өзі, өкінішке қарай, толық емес. Бізге ең маңыздысы – кешегі Ұлы дала батырларының тіккен ерлік туын құлатпай, асқақ
ұстаған осы заманғы қазақ батырларын жас ұрпақ қастер тұтсын, ардақтасын деген ізгі тілекті жүзеге асыру. Өйткені, қазақ қанынан жаралған жас ұрпақтың Отан үшін от кешкен аталары мен апаларының есімдерін әрдайым қастер тұтып жүргендері абзал! 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германияның Кеңес Одағына опасыздықпен басып кіргеніне биылғы жылы 70 жыл толмақ. 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны – ащы шындық. Олардың басым көпшілігі ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың ерлік рухын асқақтатты.
Нәзима Оташева, Қостанай облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.