Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Отбасымен отан үшін қызметте

25 апреля 2020 13:47 • 553 просмотров

17 сәуірден бастап Қостанай облысы карантинге жабылды. Аса қажет болмаса, тұрғындарға үйден шығуға тыйым салынды, сондай-ақ жүргізушілерге де қала және елді мекендерге баруға рұқсат берілмейді. Полиция қызметкерлері мен дәрігерлер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Олардың арқасында бүгінгі таңда жағдай бақылауда. Мемлекет басшысы медицина және полиция қызметкерлерінің еңбегін ерекше бағалап, олардың қауіпсіздігіне назар аудару қажеттігін атап өтті.

Қостанай облысында тұратын ерлі-зайыпты Павленколар карантин уақытында күндіз-түні жұмыс істейді. Бұл  туралы Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шаңырақтың отағасы Евгений Павленко – Қостанай полиция басқармасының учаскелік инспекторы болса, жұбайы Валентина Қостанай ауданының орталық аурханасында фельдшер болып жұмыс істейді.

Полиция майоры Евгений Павленко 12 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етеді. Әрине, кез келген тәртіп сақшысы жұмыс уақытында көп қиындыққа үйренген. Алайда өңірде карантин енгізілгені — ерекше жағдай. Учаскелік полиция инспекторының айтуынша, отбасынан жырақта болу – қиынның қиыны.

«Біз қазір әр ауладағы тәртіпке, азаматтардың қауіпсіздігі үшін жауаптымыз. Полицейдің міндеті қылмыс пен құқық бұзушылықтың жолын кесу болса, енді оған төтенше жағдай уақытында тәртіп ережелерін сақтау қосылды. Жұмысымыз таңғы сегізде басталып, түнгі он екіге дейін созылады. Біздің әкімшілік учаскеде 4 көлік және 2 жаяу патрулі бар. Қостанай облысының бас санитарлық дәрігерінің №12 соңғы қаулысына сәйкес, азаматтармен профилактикалық кездесу жүргіземіз. Тұрғындардан өтінім түскен кезде санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтап барамыз. Полиция посттарынжа барлық қорғаныш құралдары бар. Ең қиыны – отбасыңнан жыраққа кету. Бұрын мұндай болмаған. Қазір отбасыммен 8 сағат қана біргемін», — дейді тәртіп сақшысы.

Полицейлермен қатар қауіп аймағында дәрігерлердің де жүргені рас. Соның ішінде, жедел жәрдем фельдшерлері науқасқа алғашқы көмек көрсетуге келеді. Валентина Павленко да бір айдан астам уақыт қауырт жұмысқа жегілген. Ол Қостанай ауданына қатынап жұмыс істейді.

 «Балабақшалар мен мектептер жабылды. Алайда біздің жұмыс тоқтамайды. Екі бала тәрбиелеп отырмыз. Балаларға әжесі қарайды. Оны ауылдан арнайы шақыртып алғанбыз. Біздің екі ұлымыз бар. Күйеуім жұмысқа таңертең ерте кетіп, тек түнде ғана келеді. Балалар үшін көбірек алаңдаймыз, ең бастысы олардың денсаулығы. Бізде жұмыс киіміне арналған жеке орын бар. Қолымызды мұқият жуған соң балаларымызды құшағымызға аламыз. Жұмыстағы қиындықты шамалы болса да ұмытқандай боламыз. Бірақ мен бір минутке де өкінбеймін, себебі мен осы мамандықты таңдап, өз жұмысымды жақсы көремін. Барлық ел бізге сенеді.», — дейді дәрігер.

            Балалар Иван мен Федор осы уақытта әжесімен үйде. Иван екінші сыныпта оқиды, ал Федор екі жарым жаста. Әр кеш сайын олар аналары мен әкесін қуана қарсы алады.