Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қиналғанда қолұшын созған…

26 апреля 2020 13:48 • 613 просмотров

Қостанай облысының әкімдігінде өткен селекторлық кеңесте Волонтер жылын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Волонтер жылының жүзеге асырылу барысы туралы облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы ретінде Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей Жастар форумы аясында жария етті. Сол себепті бұл оқиғаның Қостанай облысы үшін де маңызы зор.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тапсырмасымен өңірлік жоспар әзірленді. Бекітілген республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес барлық волонтерлік жобалар 7 бағытта біріктіріледі, олар: Сабақстастық, Саулық, Таза әлем, Асыл Мұра, Қамқор, Білім, Үміт. Қостанай облысы «Таза әлем» бағыты бойынша еріктілік қызметке ерекше көңіл бөлді.

«Таза әлем» бағытына сай жұмыс жүргізуді ұйғардық. Бұл бағыт қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаштар отырғызу, қоқысты сұрыптап үйретуге арналған. Қостанай облысында шамамен 80 волонтерлік ұйым жұмыс істейді, олар 15 мың адамды біріктірді. 2019 жылы республика бойынша 377 студентке квота бөлініп, олар арнайы жобалардың қатысушысы атанды», – деді облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев.

Биыл өңір жастарына 638 квота бөлінген. «QQazvolunteer.kz» сайтында 490 студент пен 35 жастар ұйымы тіркелген. Олар жыл басынан бері 180 іс-шара өткізді, шараларға 6 мыңнан астам адам қатысты. Ауқымды жобаларды айтпағанның өзінде, қарт адамдарға тұрмыстық көмек көрсету, тұрғын үй аумағын қардан тазарту, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізу сияқты жұмыстарды міндеттеріне алған.

«Коронавирус инфекциясының алдын алу жағдайында олар үйде қалуға мәжбүр болған қарт адамдарға дәрі-дәрмек және жеке гигиена құралдарын жеткізуге көмек көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде 270-тен астам волонтер ниет білдірді. Олар 1155 қарт адамға дәрі-дәрмектерді жеткізіп берді», – деді облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов төтенше жағдай кезінде жұмысқа қатысатын еріктілердің арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілуін атап өтті.

«Еріктілеріміз медицина қызметкерлерінің көмекшілеріне айналды. Бірақ, осы уақытта олардың жеке қауіпсіздігі маңызды екенін ескертемін. Жастарды барлық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіп, толық жабдықтау керек. Бұған байыпты қараңыздар. Елді мекендерді көгалдандыру бойынша барлық жұмыстар осы жылдың күзіне уақытша ауыстырылды. Төтенше жағдай кезінде елді мекендерді қоқыстан тазарту бойынша барлық жұмыстарды коммуналдық кәсіпорындар есебінен жүргізу керек. Волонтерлер бұл жұмыстардан уақытша босатылсын», – деді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.