Үйінде оқшауланған осыншама тұрғынды үнемі бақылауда ұстау оңай шаруа емес. Дегенмен «SMART Qostanay» мамандары бұл мәселенің оңтайлы шешімін тапқан сыңайлы.
Қазір үйде отырғандар «Мен үйдегі карантиндемін» деп аталатын мобильдік қосымша арқылы бақыланады. Қосымшаны 21 сәуірден бері 370 адам орнатқан. Тұрғындарды қосымша арқылы бақылаумен Қостанай медициналық колледжі базасында құрылған call-орталық айналысып жатыр. Қаладағы емханалардың медициналық қызметкерлерінен жасақталған 22 маман тізімдегі барлық азаматқа күн сайын қоңырау шалып, жалпы жағдайы туралы біліп отырады.
«Күн сайын 1100 адамға қоңырау соғылады. Өйткені қалған 18-ге толмаған 170-тей жеткіншектен әлдене талап етуге құқығымыз жоқ. Сондай-ақ, 50 жастан асқан 300-ден астамды да жалпы тізімнен алып тастадық. Көбінің смартфон ұстамайтыны ескерілді. Соның өзінде, біз хабарласқан 170-тей тұрғын байланыс аясынан тыс болады. Мұндай нөмірлерді полицияға жолдаймыз. Орталыққа нөмір қате берілді ме, әлде қасақана жалтара ма – онымен тәртіп сақшылары шұғылданады», — дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әнуар Едрисов.
Бұл қосымшаның жетілдіруді қажет ететін тұстары да жоқ емес. Мәселен, мұны көшіріп алған адам автоматты түрде GPS-бақылауға алынады да, егер асүйден балконға шықсаңыз, «үйден ұзамаңыз» деген ескерту келетін көрінеді. Сондықтан басқарма басшылығы қосымшаны жасаушы «SMART Qostanay» мамандарына GPS-бақылау аясын 150-200 метрге дейін кеңейтуге ұсыныс жасады.
Бұл пилоттық жоба ең әуелі Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылған болатын.