Қостанай облысының әкімдігінде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жедел штабтың отырысы өтті. Мұнда шектеу шараларынан босатылатын нысандардың тізімі жасалды.
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында 2020 жылдың 4 мамырынан бастап шектеу шараларын жеңілдету мәселелері қаралды. Жиын қорытындысына сай, Штаб бірқатар мекеменің жұмыс істеуіне рұқсат беретін болды. Атап айтқанда:
1. Шаштараз (тек алдын ала жазылу бойынша);
2. Автосалондар, гүл павильондары, фотосалондар, фотоателье, жылжымайтын мүлік агенттіктері, жарнама агенттіктері, тұрмыстық және ұйымдастыру техникасын жөндеу шеберханалары;
3. Ауданы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік сатпайтын дүкендер сағат 10-00-ден 17-00-ге дейін;
4. Тұрмыстық техника дүкендері;
5. Оптика дүкендері;
6. Медицина орталықтары, стоматологиялар (алдын ала жазу бойынша);
7. Ақша айырбастау пункттері;
8. Ақпараттық — коммуникациялық технологиялар компаниялары.
Сонымен қатар, жұмысқа жеке көлікпен баруға рұқсат беру туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, осы жылдың 11 мамырынан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын қайта бастайды. «Электрондық үкімет» порталы арқылы қызметтің 80% — дан астамын алуға болады (559 мемлекеттік қызмет). Отырыс қорытындысында облыс әкімі штаб қабылдаған шешімді орындауды тапсырды.