Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тыл қызының әңгімесі

16 мая 2020 14:00 • 869 просмотров

Қайраткер тұлға Оразалы Қозыбаев пен академик Манаш Қозыбаевтың туған қарындасы Сәулеш Қошпанова бүгінде Қостанай облысының Меңдіқара ауданында тұрады. Әжейдің балалық шағы соғыс жылдарына дөп келіпті. Сұрапыл кезеңдегі ауылдың ауыр тұрмысы мен тыл еңбеккерлерінің жанкештігі кейуананың күні бүгінге дейін көз алдында.

– Әулетімізде әкем ғана. Ол кісіні броньмен қалдырды. Өйт­кені «Жаңа тұрмыс» колхозында басқарма төрағасы болды. Шаруаға мығым-тұғын. Соғысқа тамақ, киім-кешек жіберіп тұру керек. Оған қоса егін егіп, мал өсіру деген бар. Ол кісінің қалай ауылда қалғанын біз кейін білдік. Соғыстың алдында ауылда 4-5 шағын ағаш қойма болған-ды. Қойма деуге де келмейді. Соның біреуі өртеніп, әкеміздің көзіне күйген бидай түсіп, бір көзінен айырылды. Бірақ сол көзінің көр­мейтінін біз соғыс уақытында бір-ақ білдік. Жалпы, өзі өмірде маған анау керек, мынау керек деп ұмтылған адам емес. Кедей болып туды, кедей болып өтті, – дейді Сәулеш әжей әкесі жайында.

Қабаш Қозыбайұлы 30-жыл­дардағы ұжымдастыру шараларына атсалысты. Сол жылдары Қабаш қарияның талай замандасы қуғынға ұшырап, жазықсыз жазым болып кетіп жатты. Қария өмірінің соңына дейін нақақ кеткен замандастарын айтып, «Әттеген-ай! Қорыққанымнан солардың суреттеріне дейін жо­йып жібердім. Ең болмаса, бала-шағасына беруге жарамадым-ау», деп отырады екен.

– Әкеміздің ішіндегі күйікті бала болсақ та сездік, бір адамдай қиыншылық көрді. Ауылдың  бар ауыртпалығын көтеру бір басқа. Ол әскерге кеткен ағайынның бала-шағасын бір жерде жүрсін, қара су ішсе де көріп отырайын деп жинап алды. Біздің үйді 30-ға жуық бала паналады. Әкеміз біз оянғанша таңертең ерте тұрып кетіп қалады, күн­діз көрмейтінбіз. Үйге өте кеш келеді. Арып-ашып келеді де, пештің артында бір газет оқы­ған болады. Шала са­уатты еді. Төртінші класта емтиханды менімен бірге тапсырды.

…Соғыстың қызып тұрған шағы. Әкем балалар үйінен арбамен бір-екі рет бала алып келді. Бірінші келгенде төрт-бес баланы әркім бөліп алды. Екінші рет бес бала әкеліп, төртеуін кешке дейін өткізіп, бір қызды алатын адам болмай, кешке қолынан жетектеп үйге ертіп әкелді. Шеше­мізге «Ақсұлу, саған тағы бір бала әкелдім. Мынаны қарашы, қандай әдемі қызың бар» деді. Шешеміз марқұм әкеміздің беті­не келіп көрген жоқ қой. Біз ба­ла болып екеуінің ұрысқанын, жан­жалдасқанын көрмедік. Шешем «Мұны қалай асыраймыз? Үйде жататын орын жоқ қой!» деп айтпайды ғой. «Жақсы, жақсы! Өзіме тартқан қыз екен» деп қолынан жетектеп алып барып бетін жуып, тамағын берді. Байқұс қыз сол тамақ ішіп отырған жерінде ұйықтап кетті. Аш!..

Нұрқанат Құлабаев