Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

ӘСИЯ ӘЛЕМІ

24 мая 2020 10:00 • 583 просмотров

Қазақтың табиғи болмысы мен мәдениетін айқындайтын ұлттың төлқұжаты іспеттес бекзат өнердің бірі – айтыс. ХХ ғасырда ұмытылып, ұлт жадынан өшіп бара жатқан халықтық өнерге заман сәулесін түсіріп, жандандырып, қайта түлеткен санаулы тума талант дарындардың алдыңғы қатарында дүйім алаштың мақтанышына айналған айтыскер, халық ақыны Әсия Беркенова тұр.  

Ноғайкөлден ұшқан аққу жыр

Әсия Әйіпқызы Әулиекөл өңіріндегі Ноғайкөл деп аталатын шағын ауылда дүниеге келді.

«Біз соғыстан кейінгі бесжылдықта дүниеге келген ұрпақпыз. Сондықтан әр үйдегі бала саны да шектеулі болды. Бір үйде бір ұл, бір қыздан. Үш-төрт баласы бар отбасылар өте аз болды. Ол кезде ауылда жесірлер, бір шаңырақты ұстап қалған абысын-ажындар көп еді. Оларға деген ағайынның қамқорлығы ерекше-тін. Жесірін жыраққа жібермей, маңайында ұстап, баласына қамқор бола білетін. Мен сол тіршілікті көріп өстім. Бүгінде бұлдыр балалық шағымның сағым мұнарлаған бір қиянында қалған сол бір орта менің болмыс-мінезімнің, бар болса, адамгершілігімнің қалыптасуына үлкен ықпал етті», — дейді халық ақыны.

Әсия Әйіпқызы нағашы атасы мен әжесінің қамқорлығын көп көріп өсті. Атасы ағаштан түйін түйген шебер, әжесі науқас ұшықтап, құрт шақырып тіс емдейтін шипагер кісілер екен. Ақынның туған ауылы мен ата-әжесі, өскен ортасы жайлы естелігі сағыныш лүпілдеген көңіл тебіренісіне толы:

«Әжем он төрт құрсақ көтеріп, содан жалғыз анам қалыпты. Мен де анамнан жалғызбын. Сондықтан мен бүкіл ауыл үлкендерінің мейіріміне бөленіп өстім. Менің мінезімнің еркіндігі, ойымдағыны бүкпесіз айта салатыным – туған ауылымның маған деген ыстық мейірімінің арқасы деп ойлаймын. Үлкен ақсақал аталарымыз, нағашы аталарымыз көбіне әулеттік тәрбиенің айнымас үлгісі сияқты болып көрінетін. Үлкендер соғым басында, тарауықта жиналған кездерде сол өздерінің алдындағы інілерінің, ұлдарының соятын соғымына дейін ақылдасып, мысалы, сен биыл мынау малыңды сойма, сенің мынауың бұзаулайтын сиыр болып тұр. Оны пәленшенің малына айырбастап, соны сой деп, тұрмыс қамын кеңесіп шешіп отыратын. Әжелеріміздің балаларға бүйрек үлестіруі, сыбаға беруі, сүр шығаруы деген сияқты жоралғыларды көріп-біліп, бойға сіңіріп өстік».    

Әсия Әйіпқызының атасы домбырамен күй шертіп, ән салатын. Өз анасының да әдемі қоңыр даусы бар-тын. Қараша ауылдағы қуанышты жиын, той-томалақ домбыра, сырнайсыз өтпейтін. Ондайда ауыл әншілері «Елім-айдан» бастап зарлатып, неше түрлі халық әндерін құйқылжыта сайратып келіп, «Сәулем-аймен» аяқтайтын.

«Олардың салған әндерін біз де айтып жүрдік. Атам мені кішкентай кезімнен домбыраға баулыды. «Бұл әннің, кім біледі, аты  — «Қалқа», «Қалқаны» қажыдым ғой айта-айта деген екі жол есімде қалыпты. Атам кешкі шай ішіліп, қазандағы ет піскенше «Арынғазы», «Қосалқа», «Келіншек»  сияқты толып жатқан күйлерді тартып, ән айтып отыратын. «Батырлар жыры», «Қырық қыз» деген эпостарды кәдімгідей түн ауғанша тыңдайтынбыз. Ол кезде ауылда түнгі 12-ге дейін электр жарығы жанып тұрады. Атам маған сол жарық сөнгенше батырлар жырын оқытатын. Мені жүгіртіп, мәнерлеп, нақышына келтіріп өлең немесе қара сөз оқуға үйреткен мекептегі мұғалімдерден емес, үйдегі ата-әжем еді.

Ол кісілер өздері ұнатқан жыр үзінділерін оқытып, оны түзетіп, дауыс ырғағына келтіртіп қайта оқытып отырушы еді». Осылайша кішкентай Әсияның бойында кітапқа деген бір ұлы сүйіспеншілік пайда болды. Ақын атасы мен әжесінен үйренген қазақ эпостары мен лирикалық жырларын, ескі қисса-дастандарын күні бүгінге дейін жатқа оқиды. Ақын әңгіме қызуымен «Қырық қыз» дастанын:

«Бұрынғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Қарақалпақ елінде,

Түркістанның жерінде

Аллаяр атты бай бопты,

Төрт құбыласы сай бопты,

Айқасса жауын алғандай,

Алты ұлы оның бар бопты.

Алты ұлына қарындас,

Тал шыбықтай өрім жас» — деп мүдірмей жөңкілте жөнелгенде, Сарбиназ, Гүләйім бастаған шығыстың 40 сұлуы тіріліп келіп, сізді айнала сызылта  билеп, есіңнен айырып, бұл дүниенің күйкі тіршілігін біржола ұмытқызып, ақырын ғана көтеріп алып, алтын кілемге отырғызып, қауырсындай қалықтатып ғажайып аңыз әлеміне алып кеткендей күй кешесіз. Ақын әңгіме ауанын басқа арнаға бұрғанда ғана,  селт етіп қайта ес жиып аласыз.

Жә, сонымен тұлымы желбіреген кішкентай ғана Әсия атасынан ең алғаш «Елім-ай», «Жан жарым» сияқты халық әндерін үйренді. Қаршадай құлыншағының жанарындағы отты байқаған анасы кейін сырнай сатып алып береді. Домбырада еркін ойнайтын алғыр қыз бұл аспапты да тез меңгеріп алды. Әсия кешқұрым үлкендер өрістен қайтқан малды қарсы алып, қой маңырап, қозы жамырап, сиыр сауылып, шай қойылып жатқанда есік алдына шығып сырнаймен ән айтып отыратын.